Ақтауда тұрғындар көп қабатты үйдің құрылысына қарсылық білдірді

Ақтау қаласындағы шағын аудан тұрғындары жаңа құрылысқа қарсы шықты. Жұмыс қарқыны қаңтар айынан бері тыйылар емес. Адамдардан ұйқы қашқан. Себебі құрылыс күні-түні тоқтамайды. Жұрт жаңа үйдің орнына саябақ болғанын қалайды. Жергілікті әкімдік әзірге жауап қатқан жоқ.

Бұл жерде құрылысы аяқталмаған бизнес-орталық орналасқан. Қазіргі уақытта ғимараттың ескі іргетасы бұзылуда. Құрылыс жұмыстарының шуы бір сәтке де тыйылар емес. Тұрғындар бұған наразы. Осы аумақта жыл соңына дейін бес қабатты тұрғын үй кешені бой көтереді екен.

Рустам Филамазов, қала тұрғыны:

- Не болып жатқанын өзіміз де білмейміз. Құжаттарды ешкім көрсетпеді. Бас жоспарды көргіміз келген, бірақ, оны да көрмедік. Рұқсат құжаттардың бар-жоғы да белгісіз. Тек сөз жүзінде бар екенін білдік. Біз осы аумаққа сквер тұрғызуды ұсынамыз.

Нысандардың арасындағы ара қашықтық заң жүзінде белгіленген. Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес үйлердің арасы кем дегенде 20 метр болуы шарт.

Евгений Шмаков, қала тұрғыны:

- Үйлер арасындағы қашықтық есептелу керек. Яғни жақын маңдағы үйлерге табиғи жарық жете ме? Бұл мәселе ескерілу керек. Осындай жайттар бойынша қоғамдық тыңдаулар өтіп, бекітілу керек. Біздің құрылыс бойынша қоғамдық тыңдаулар өткен жоқ.

Қазіргі уақытта жақын маңдағы үй тұрғындары баспана қабырғасындағы жарықтарға алаңдаулы. Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында құрылысшы ұйым өкілдерімен кездестік. Компания жер учаскесін үш жыл бұрын сатып алған.

Бақыт Мендібаев, құрылыс компаниясының өкілі:

- Құрылыс иелігіміздегі жер учаскесінде салынып жатыр. Сондықтан тұрғындарды ескерту міндетті талап емес. Шу кез келген құрылыста болады. Көрші үй тұрғындарының пікіріне құлақ асамыз. Жұмыстар тәулік бойы жүргізілмейді. Яғни таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін ғана. Ал қабырғадағы жарықтар 10 жыл бұрын пайда болған, себебі нысан сол уақытта салынған. Жарықтардың дәл осы құрылыс салдарынан пайда болғанын дәлелдейтін құжаттар жоқ. 

Тұрғындардың пайымдауынша, көпқабатты үйдегі сызат 15 жыл бұрынғы бизнес-орталығының құрылысы салдарынан пайда болған. Осы мәселе бойынша ұжымдық хат жазып, қалалық әкімдікке жолдаған.

Айгерім Ашықбаева, қала әкімдігінің баспасөз хатшысы:

- Айта кетер бір жайт, бұл құрылыстың құжаттары түгел. Яғни мердігер мекемесі бұл жерді 2019 жылы сатып алған. Яғни осыған дейін жекеменшік жерден өтіп, өздері сатып алған. Яғни бұл құрылыстың басталуына барлық азаматтарға кіріп, АПЗ, барлық құжаттар түгел. 2019 жылы бақылау және құрылыс басқармасынан құрылысты бастау туралы рұқсат алған. Енді тұрғындарға айта кететін бір жайт, егер бұл құрылыстың басталуына наразылық білдірсе, азаматтық кодекске сәйкес сотқа жүгіну керек.

Жаңа үй құрылысы бір жыл бойы жүргізілмек. Тұрғындар қарсы болса, сот арқылы мемлекеттік сараптама нәтижесін сұрауға құқылы. Тиісті құжат болса, үй қабырғаларындағы сызаттың пайда болу себебі анықталуы мүмкін.

Ақмарал Есімханова, Динара Нұрғалиева, Саламат Бекбаев