430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Таразда қомақты қаржы бөлінгенімен небәрі 52 өрт гидранты орнатылған

  • 141
  • UPD: 22:08, 03.03.2021

Таразда өрт сөндіру кезінде қолданылатын гидранттар мәселесі әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды. Былтыр қаланы 400-ден астам қажетті құрылғымен қамту үшін 32 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда іс жүзінде тек 52–сі орнатылыпты. Мұндай олқылық жауапты тұлғалардың салғырттығынан болған көрінеді.

Жыл басынан бері облыстың өртсөндірушілеріне 100-ге жуық шақырту түскен. Жалындаған отты ауыздықтау үшін кейде су желісіне қосылатын гидранттың көмегі де қажет болған көрінеді. Себебі секундына 40 литр су жіберетін насостың күші бар болғаны 5-7 минутқа ғана жетеді. Ал қолданыстағы гидранттардың көбі жарамсыз күйде.  Істен шыққан құрылғылардың салдарынан өртті тез сөндіру мүмкін емес. Тексеру шаралары көрсеткендей, қолдануға келмейтін гидранттар жетіп артылады.

Әлібек Абсатов, облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі басшысының орынбасары:

- Тексеру барысында анықталғаны, Тараз қаласы әкімшілігінің «Тараз су» мекемесінің 1530 бар гидранттың ішінде, 367 қолдануға жарамсыздығы анықталған. Қазіргі таңда Тараз қаласы әкімдігімен қаражаттар бөлініп, жөндеу жұмыстары және алмастыру жұмыстары жүргізілуде.

Бұл мәселе әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Анықталғандай, былтыр қажетті 417 құрылғы сатып алып, орнату үшін 32 млн теңге бөлінген. Бірақ нақты қондырылғаны 50-ден әрең асып жығылады. Ал жұмысты атқаруға қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мердігер компаниямен келісімге келген.

Орынбасар Амалов, облыстық экономикалық тергеу департаментінің жедел уәкілі:

- Қызмет көрсету үшін мемлекеттен қосымша 17 млн 800 470 мың теңге бөлінген. Яғни келісім бойынша олар өз міндеттерін орындамаған. Біз деректерді анықтай бастағанда, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына қаражатты кері қайтарды. Бірақ, жұмыс толық аяқталмады.

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы бұл істе қате жібергенін мойындады. Айтуынша, міндеттелген жұмысты мердігер мекеме тиянақты орындайды деп сенген. Тек келісімге қол қойылғаннан кейін ғана барып, бақылауды қолға алыпты.

Зият Тұрсынұлы, қалалық ТКШ бөлімінің басшысы:

- Мен қазір бұл жерде кәнәмді мойындаймын. Актқа қол қойғаннан кейін визуалный осмотрға шыққан кезде 50-ден астам гидрант қойылған. Бірақ, қалған гидранттар қойылмаған. Өзім жеке басыма айыппұл салынды және ЖШС басшысына 1 млн астам айыппұл салынды. Қазіргі таңда 30 млн 800 кері қайтарылды.                 

Қызметтік тексеру барысында қаланың көптеген көшелерінде өрт сөндіру гидранттарының жоқтығы анықталған. Ал қолданыстағының да көбін лас су мен қоқыс басқан. Алда-жалда өрт бола қалса, іске қосылуы екіталай. Бұны ескерген кеңес мүшелері құрылғыларды орнатуда олқылыққа жол берген кінәлілерге қатысты шара қолдануды ұсынды.

Орынбасар Амалов, облыстық экономикалық тергеу департаментінің жедел уәкілі:

- Жұмыс толық орындалмады. Өз міндетіне салғырт қарағаны үшін бөлім басшысы 50-бапта көрсетілгендей мемлекеттік қызметке нұқсан келтірді. 

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы қатаң ескерту алды. Ол наурыздың соңына дейін болуы тиіс өрт сөндіру гидранттары толық орнатылады деп сендірді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Анастасия Сулейманова, Бакытжан Бапаев, Руслан Ахатилла

Хабар 24 телеарнасы