Сәуірде Қазақстанның QAZCOVID-IN вакцинасы қолданысқа енгізіледі

Ресейде «Sputnik V» вакцинасының арзандауы елдегі екпе құнына әсер етуі мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов хабарлады. Екпе бағасы наурыздың ортасында нақтыланады. Сәуір айында індет жұқтырушылар саны өсуі ықтимал. Сондай-ақ биыл дәрігерлердің орташа жалақы көлемі шамамен 320 мың теңге болады. Ал 2023 жылы 500 мың теңгеден асады. Орта санаттағы мамандардың айлығы 173 мың теңгеге дейін артады.

Былтыр отандық медицина саласы үлкен сыннан өткені рас. Биыл да босаңсуға болмайды.

Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:

- Жыл басынан мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізетін мамандардың жалақысы өсті. 460 бірлік зертханалық құрал-жабдық пен 12 бірлік жылжымалы кешен сатып алынды. Биылғы жоспарға сай 6 млн азамат вирусқа қарсы екпе алады. Ал елде вакцина бағасының түсу-түспеуі туралы нақты ақпарат осы айдың ортасында белгілі болады. 

Ақпан айындағы вакциналаудың бірінші кезеңінде ресейлік «Sputnik V» екпесі қолданылды. Аталған препарат өндірісі қысқа уақыт ішінде Қарағандының фармацевтикалық комбинатында локализацияланды. Енді сәуір айында отандық «QAZCOVID-IN» вакцинасын пайдалану жоспарланып отыр.

Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:

- Жалпы бұл тек екі вакцинаға қарап отырған жоқпыз. Біз жаңағы басқа да шетелде екпе шығарушылармен өзіміздің келіссөздерімізді өткізіп отырмыз. Қазақстанға қашан және қандай көлемде келетіні сол келіссөздерге байланысты. 

Министрлік медициналық қызмет бақылауын әлде де күшейтпек. Мәселен, былтыр елде препараттарды заңсыз сату бойынша шамамен 500 жағдай әшкереленді. Шамамен 2 мың дәріхана тексерілді. Олардың тең жартысы бағаны негізсіз көтерген. 10 млн астам дәрі-дәрмек заңсыз айналымнан шығарылды.

Автор: Мирлан Алтынбек