Алматыда ағылшын тілін тегін үйрететін әлеуметтік жоба байқауда орын алды

Наталья Мұхамеджанованың әлеуметтік жобасы «Қайырымдылық керуені» байқауында екінші орын алды. Ол жағдайы төмен отбасылардың балаларына ағылшын тілін тегін үйретіп жүр. Тіпті 4 айлық курсты үздік бітірген 6 оқушыға Лондонға екі апталық жолдама беріпті. Ал 6 оқытушы Афинаға білім жетілдіру курсына барып қайтқан.

Наталья Мұхамеджанова ағылшын тілін жетік меңгерген маманның бірі. Ол өзінің біліктілігі арқылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға білім беруді мақсат еткен. Нәтижесінде 2019 жылы «Open Mind» қайырымдылық жобасын қолға алып, 1700 баланы тегін оқытты. Жобаның алғашқы кезеңінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары ғана қамтылды.

Наталья Мұхамеджанова, білім беру орталығының директоры:

- Бұл жобаның мақсаттарының бірі әлеуметтік жағдайы әртүрлі отбасылар арасындағы теңсіздікті қысқарту. Мысалы, ауыл мен қаладағы білім деңгейін теңестіру. Курсқа қатысқан балалар ағылшын тілі бойынша білімдерін бір сатыға көтере алды. Мысалы, А-1 деңгейі бар оқушылар, А-2 деңгейін меңгеріп шықты. 

Мұндай мүмкіндіктен оқытушылар да қалыс қалмады. Қос қаладағы 100 шақты маман бір айдың ішінде Натальяның шет тілін үйрету тәсілін меңгерген. Ұстаздар осылайша тәжірибелерін жетілдірген соң балаларды үйретуге кіріседі. 

Гүлнұр Дүйсен, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

- Біз 4 ай бойы оқушыларды оқыттық. Яғни оқушылар ағылшын тілін үйренемін деген қызығушылығы бар, көп балалы отбасынан шыққан оқушылар болды. Бұл жобаның артықшылығы деп яғни, бұл жерде біз ойын форматын өте көп қолдандық. Яғни балаларға қызықты болу үшін, іштері пыспас үшін және ағылшын тілін үйренудегі мақсатын түсіндіру үшін.

Тіл меңгерудің тың тәсілі оқушылар үшін де қызықты болған. Антон Кирпиченко тегін курстың арқасында білімін арттырып, алғаш рет шетелге де барып қайттым дейді.

Антон Кирпиченко, 6-сынып оқушысы:

- Мектепте ағылшын тілін арнайы курстағыдай тереңдетіп үйретпейді. Бізге мақсат қойып, сол мақсатқа жеткізді. Тілді меңгерудің түрлі тәсілдерін көрсетті, тәжірибе де көп болды. Курсты жақсы оқғаным үшін Лондонға екі аптаға жолдама ұтып алдым. Осы курстың арқасында тұңғыш рет ұшаққа мініп, шетелді көрдім. 

Қарйымдылық жобаны ұйымдастырушылар сабаққа еліміздегі танымал тұлғаларды да шақырған. Өнер адамдары, спортшы және журналистермен кездесу оқушылардың жігерін арттыра түскен.

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов, Кенже Амраев

Сондай-ақ...