Қауіпті пеш! Түркістанда рейд барысында 4 мыңнан астам олқылық анықталды

Қауіпті пеш, жарамсыз мұржа және дабылсыз қондырғылар! Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департментінің мамандары соңғы 3 күннің ішінде 20 мыңға жуық жеке тұрғын үйді тексерді.

Нәтижесінде қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзған 4 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады. Жақында ғана Түркістан қаласында бір отбасының 5 мүшесі газдан уланып қайтыс болған еді. Төртеуі кәмелет жасына толмаған балалар. Қайғылы жағдайдан кейін өңір басшысы өрт қауіпсіздігі шараларының сақталуын қатаң бақылауды тапсырып, кемшіліктерді тез арада жоюды газ таратушы мекемеге жүктеді.

Нұрғали Жүнісов, облыстық ТЖД басшысы:

- Мысалға алатын болсақ, негізгі кемшіліктері – бұл газ тұтыну жүйелері, плита дейміз соларды жалғаудың өзінде құбырды дұрыс жалғамайды. Газ жабдықтары, котелдарды дұрыс орнатпайды. Жанғыш еденге жапсарлас орнатылғандары бар. Техникалық жай-күйіне қауіпсіздік жағдайын сақтамауы. Сонымен қатар газ құрылғылары орнатылған бөлмелердің талапқа сай болмауы. Қазіргі таңда кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар жалғасатын болады.