СҚО халқы жыл сайын азайып барады

Солтүстік Қазақстан облысының халқы жыл сайын азайып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Статистикалық мәліметтерге сенсек, былтыр өңірден 10 мыңнан аса адам көшіп кеткен. Соның әрбір үшіншісі алыс-жақын шетелдерге қоныс аударған. Тұрғындардың көшуіне не себеп?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Петропавл қаласының тұрғыны Тамара Догина Ресейге көшейін деп жатыр. Соңғы жылдары жалғыз тұратын зейнеткердің бала-шағасы бұрыннан сонда – Санкт-Петербургта тұрады. Сондықтан осындай шешім қабылдап отыр.

Тамара Догина, қала тұрғыны:

- Көп ойландым. Күйеуімнің қайтқанына 6 жыл болды. Баларым «Петропавлға келмейміз» деді. Сондықтан өзім кетіп барамын. Қимастық бар, әрине. Туған жерім ғой.

Тамара Догина секілді адамдар аз емес. Мәселен, былтыр Ресей еліне 2500 солтүстікқазақстандық көшіп кеткен. Оның түрлі себебі бар. Жастар жағы жақсы жұмыс іздеп кетеді. Қалалық мәслихат депутаты Күлімкөз Самилованың айтуынша, ең алдымен солардың жағдайын жасау керек. Ол тұрғын үй мәселесіне барып тіреледі. Тағы бір ұсыныс.

Күлімкөз Смаилова, қалалық мәслихат депутаты:

- Солтүстік Қазақстан өңірінде тұрып жатқан халықтың климаттық жағдайын ескере келгенде 15, кем дегенде 15, жақсы болса, 25 қоса төлемі болса, мынандай мәселені шешуге бір жол берер еді. Өйткені түсінеміз ғой енді, біздің өңірде тұратын адамдардың қысқы киімі өте қымбат.

Туу көрсеткіші де көңіл көншітпейді. Былтыр облыс бойынша 6886 бала дүниеге келді. Ал, бақилық болғандар одан да көп – Солтүстік Қазақстан облысы 7577 адамнан айырылып қалды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Халық санын көбейтуге «Еңбек» бағдарламасы азды-көпті септігін тигізіп жатыр. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірлер мен Нұр-Сұлтан қаласынан 1765 адам көшіп келді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев