Елордада қараусыз қалған желілер мәселесі қалай шешіліп жатыр

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында иесіз, қараусыз қалған желілердің мәселесі қалай шешіліп жатқанын түсіндірді, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

«Қаланың тыныс-тіршілігі инженерлік желілердің дұрыс жұмыс істеуіне тікелей байланысты. 2019 жылдан бастап иесіз не қараусыз қалған желілерді анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Аталмыш желілер қараусыз жатқан, пайдалану, ауыстыру немесе жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Қазір шамамен 2 мың шақырым иесіз инженерлік желілер анықталды. Олардың қатарына электрмен, сумен жабдықтау, кәріз желілері және т.б. жатады. Анықталған желілердің 1 мың шақырымы теңгерімге алынды. Сонымен бірге 800-ден астам трансформаторлық қосалқы станция анықталды, оның 450-і балансқа алынды. Қалған желілер бойынша тиісті жұмыстарды жүргізіп, балансқа алуды тапсырдым. Бұл шаралар апаттық жағдайлардың туындау тәуекелдеріне жедел ден қоюға және оларды азайтуға мүмкіндік береді.

Инженерлік желілер бойынша мәселелерді кешенді түрде шешеміз. «Ақылды қала» жобасы аясында инженерлік желілерді цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл желілердегі жүктемені көруге, қай желіні ауыстыру қажет екенін, қай желінің қуатын арттырып не азайту қажет екенін көруге мүмкіндік береді. Қағаз жүзіндегі желілердің орналасқан жері туралы деректер әрдайым сәйкес келе бермейді.

Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде, халықпен кері байланысты нығайтуда IKomek109 бірыңғай байланыс орталығы да көмектеседі. Ол коммуналдық кәсіпорындардың барлық байланыс орталықтарын біріктіріп, тұрғындармен байланыс орнатты», - деп жазды елорда әкімі.