Мал ұрлағандарды анықтауға ауыл, аудан әкімдерін жауапты қылу керек – депутаттар

Ұры-қарыны табуға атүсті қарайтын полиция мен жергілікті билік өкілдерін шетінен қызметінен босату қажет.

Парламент депутаттары осындай бастама көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі елде мал ұрлығы тиылмай тұр. Тіпті бұл қылмысқа әйелдердің өзі баратын болған. 

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Малдың жайын малшы ғана біледі. Мал бағу оңай емес. Енді сол бейнетпен өсірген жылқы, сиыр, қойыңды біреулер қолды қылса, маңдай тер, еткен еңбектің еш кеткені. Алысқа бармайық, өткен 10 күннің ішінде ел бойынша 220-дан аса мал ұрлығына қатысты қылмыс тіркелген. 200-ге жуық адам қамауға алыныпты.

Дәулет Қасенбаев, Қараөткел ауылының тұрғыны:

– Міне, еңбектеніп осы малдың соңында жүрміз. Ағам жылқы бағады. Жаздың өзінде 1 айғырымызды, 1 байталымызды жоғалттық. Ағам күнде барып жүрген, соның өзінде ұрлап кетті. Бірақ оны кімнен көреміз? Құқық қорғаушылар бар ғой. Соларға жүгінеміз. Олар даладағы малға жауап бермейміз деп айтады. Қорадағы малға ғана жауап береміз деп.

Бұл бір ғана мысал. Әйтпесе бағып отырған малынан айырылып жатқандар жетеді. Шығыстағы Ұлан ауданына қарасты Ақжартас ауылында мал өсіріп отырған Ержан Сәбитовтің де 26 бас жылқысы, бір қора қойы мен сиыры қолды болған. Сол күйі жоқ. Ол ол ма, басынған ұрылар мая-мая шөбін де өртеп кетіпті. 

Ержан Сәбитов, шаруашылық жетекшісі:

– 11 бас кетті сиырдан. Есік алдынан алып кетті. 11 бас сол күйі жоқ, із түзсіз. Қойды тамызда әкетті. Қыркүйектің ішінде 58 бас әкетті. Күдіктенетін адамдар баяғыда ұрлаған. Үш басты ұрлап, ұсталып, полициядан шығып кетті. Сотқа дейін жетпеді. Полицияға айтсам, прокуратурадан жібермей қойды дейді, білмеймін.

Ержан Сәбитовтің базынасы Парламентке жетті. Мәжіліс депутаты Ғазиз Құлахметов Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, мал ұрлығына қатысты жазаны қатаңдатуды ұсынды. Айтуынша, ұры-қарыны анықтауға ауыл, аудан әкімдерін тікелей жауапты қылмақ керек.

Ғазиз Құлахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ауылдық әкімдердің, аудан әкімдерінің еңбек қызметінде өздерінің еңбегін бағалау көрсеткішінде мал ұрлығына қатысты деректер көбейген сәтте қызметінен кету мезгілінен ерте, болмаса жалпы әкімнің өз еркімен қызметінен кетуіне қатысты әрекеттер болу керек.

Депутат «полиция да дәрменсіз» дейді. Мәселен, былтыр ел бойынша ұрланған 14 мың бас малдың 6 мыңнан астамы ғана табылып, иелеріне қайтарылды. Тіпті ұрылар ұйымдасқан топқа да айналған. Сорақысы сол, мұндай қылмысқа 600-ге тарта әйелдің қатысы бар. Бұл мал ұрлау белең алып барады деген сөз.

Қорған Қонысбайұлы, Олжас Керейхан, Аят Дүйсенбаев