Жалған нөмірмен жүрген Қызылорда тұрғыны 55 рет жол ережесін бұзған

30 жастағы Қызылорда тұрғыны жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін тағып, автокөлік басқарып жүрген, деп хабарлады Polisia.kz.

4 наурыз күні Қызылорда облысының ПД ӘПБ әкімшілік практика бөлімінің қызметкерлері мен қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының инспекторлары 30 жастағы қала тұрғыны басқарып жүрген «Хюндай» автокөлігіне көрінеу жалған мемлекеттік нөмір тағылғанын анықтады.

Тексеру барысында аталған жүргізушінің 55 рет жылдамдық режимін бұзғаны анықталды, оның құқықбұзушылықтары «Аркан» автоматты тіркеу жүйесімен анықталған, құқықбұзушыға жылдамдық режимін бұзғаны үшін 1 млн 73 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Қазіргі таңда оған қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-бөлігімен (Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару, сол сияқты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн (белгiсiн) сәйкестендіруге кедергі келтіретін не олардың түрін өзгертетін немесе жасыратын құрылғылар мен материалдар қолданыла отырып жабдықталған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару) әкімшілік хаттама толтырылып, көлік құралы айыппұл тұрағына қойылды және жиналған құжаттар Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілетін болады.