Қазандық қала қарамағына өтсін – елордалықтар

Автономды жылыту жүйесінің бағасы түспесе, қала әкімдігінің алдына барудан басқа амалымыз жоқ.

Елордада бір топ тұрғын осындай талап қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрттың айтуынша, тұрғын үй кешеніндегі жылу бағасы қаладағы орташа тарифтен 7-8 есе жоғары. Табыстың едәуір бөлігі коммуналдық қызмет төлеміне кетіп жатыр дейді халық.

Елорданың Есіл ауданындағы бұл көпқабатты үйлер Мәңгілік ел және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан. Пайдалануға берілгелі 5-6 жылдың жүзі болды. «Жасыл белдеу» іргесіне көшіп келгендердің алғашында қуанғаны рас. Алайда 2019 жылы жағдай күрт өзгеріп, автономды жылыту жүйесінің бағасы шарықтап кетті. Шаршы метрі үшін шамамен 500 теңгеге дейін барады.

Шолпан Жұматаева, қала тұрғыны:

– Енді болмаса, біз Есіл ауданы әкімдігінің алдына шығамыз. Мен зейнеткермін. Жұмыс істейтін жалғыз жолдасым. Ол да 1-2 жылда зейнеткерлікке шығады. Сонда бізді кім асырайды? Тапқан табысымыздың бәрі жылуға кетіп жатса. Тамағымыз қайда қалады біздің?!

Зейнеткер Хайролла Егінбаевтың 1 бөлмелі пәтері бар. Ауданы – 33 шаршы метр. Тек жылудың өзіне ай сайын шамамен 27 мың теңге төлейді. Жаз мезгілінде ыстық су бағасы жоғары. Коммуналдық қызмет ақысын уақтылы төлеп тұрсам да, айыппұл келе береді дейді.

Хайролла Егінбаев, қала тұрғыны:

– Маған 26 мың 361 теңге келіп тұр. Тек жылуға. Басқасы бөлек. Барлығын қосқанда 41 мың 394 теңге 55 тиын. Бұл не деген сұмдық.

Қымбатшылық себебін білу үшін тұрғын үй кешеніне қызмет көрсетуші еншілес компанияға хабарластық. Ондағылар мән-жайды былай түсіндірді.

Анатолий Постников, қызмет көрсетуші компанияның директоры:

– Жылуға кететін шығынды біздің компания алғашқы жылдары 50 процент, кейін 30 процент көлемінде демеуқаржы есебінен жауып келді. 2019 жылдың мамыр айында дотация бөлу тоқтатылып, тұрғын үйлер мен 4 қазандық кондоминиумға яғни тұрғындардың ортақ меншігіне тапсырылды. Қазіргі таңда компаниямыз тек операторлық қызмет атқарады. Сұйытылған газды «Жігергаз» мекемесінен тоннасы үшін 95-120 мың теңгеге сатып аламыз. Құны әр мезгілде ауа райына және нарықтағы бағаға байланысты өзгеріп отырады.

Анатолий Постниковтың айтуынша, газ құнымен қатар, коммуналдық қызмет ақысына отынды жеткізу және қазандықтардың жұмысын қадағалау бағасы кіреді. Сондай-ақ тұрғындардың жалпы 26 млн теңгеден астам қарызы бар.

Анатолий Постников, қызмет көрсетуші компанияның директоры:

– Кез келген тұрғын үй кешенінде коммуналдық қызмет ақысын уақтылы төлейтіндер мен төлемейтіндер бар. Өкінішке қарай, соңғыларының кесірінен алғашқылары зардап шегеді. Мұнда да сол жағдай. Біздің компания оператор болғалы пайдаға кенеліп жатыр деп айта алмаймын. Егер қазіргі ахуал тұрғындардың көңілінен шықпай жатса, биылғы жылыту маусымынан кейін тұрғын үй кешеніне қызмет көрсетуден бас тартуымыз мүмкін.

Белсенділердің айтуынша, компания құжат жүзінде табиғи монополиялар реестрінде болмағанымен, іс жүзінде монополистік әрекетке баруда. Мәселен, жеке қазандығы жоқ Е-652 көшесіндегі 10, 14, 16 және Е-319 көшесіндегі 2Б тұрғын үйлерін қазандығы бар үйлердің жүйесіне қосқан. Осы жағдай бойынша іс сот қарауына жолданды. Нәтижесінде тұрғындар пайдасына шешіліп, қызмет көрсетуші компанияға 11 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бірақ қарсы тарап сот шешіміне аппеляциялық шағым жолдады.

Ал тұрғындардың 4 қазандықты қала балансына өткізу туралы өтініші бойынша Есіл ауданы әкімдігінен мынадай жауап хат келген. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын қаланың коммуналдық меншігіндегі, әлеуметтік саладағы және мемлекеттік тұрғын үй қорындағы нысандардың автономдық қазандықтарын ғана өз бақылауына ала алады.

Мақсат Есмағұлов, қалалық отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

– Бізде жалпы қала даму схемасы бойынша екі түрі болады. Яғни бұл орталықтандырылған жылу жүйесін қамтитын аумақ болады және де оған кірмеген аумақ ол бізде газдандыру жүйесі бойынша яғни 5 әлеуметтік бастама бойынша газ кіргізу нысанын бастаймыз. Аталған тұрғын алаптар олар газдандырудың екінші кезеңіне кіреді. Олардың шамамен маусым айының кезінде біз мемлекеттік сараптамадан өтіп оның қорытындысын аламыз. Одан кейін мердігер анықтау бойынша конкурс жарияланады. Ол аталған жұмыс бізде 2022-2023 жылдарға дейін жоспарланған.

Бірінші тоқсанда сұйытылған газдың елдегі орташа құны тоннасы үшін шамамен 39 мың теңге болуы керек. Бұл бағаны былтыр жыл соңында Энергетика министрлігі бекіткен еді. Алайда 1 наурыздан бастап сұйық газ бағасын реттеу уақытша тоқтатылғанын ескерсек, автономды жылыту құнының алда қалай өзгерерін болжаудың өзі қиын.

Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев, Аят Дүйсебаев

Сондай-ақ...