Алматыдағы Төле би көшесі көлік жүргізушілеріне де, жаяу адамдарға да қауіп төндіріп тұр

Себебі трамвай рельсі әлі толық алынбаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ескі рельстің темір кесінділері көлік пен адамға зиян келтіруі мүмкін. Әкімдік оны бұзу жұмыстары әлі де жалғасады дейді. Бірақ нақты қашан аяқталатынын айта алмай отыр.

Трамвайлар қайта-қайта көлік апатына себепкер болған соң қала билігі оны мүлдем қолданыстан шығарып тастаған. Бірақ трамвайды жүргізбей қойғанымен оны бұзу жұмыстарына асығар емес. Мәселен, Төле би көшесіндегі рельс бойынан тұрғындар емін еркін өтіп жүр. Тіпті оған сүрініп құлап қалғандары да бар. Рельс жақын арада алынбаса әлі талай адамның жарақат алуы әбден мүмкін. 

Айсұлу Тортаева, қала тұрғыны:

Мына жерден адамдар өтеді. Бағдаршамға қарамайды. Асығыс бәрі. Жұмыстан, автобустан қаламын деп тұрғысы келмейді. Сол себептен алып тастаған дұрыс деп ойлаймыз. Себебі өзім бір-екі рет құлап қалған жағдайым бар.

Мыса Оразақынов, қала тұрғыны:

Алып тастаған дұрыс. Ол трамвай жүрмейтін болған соң кедергі келтіреді, әрине. Ол босқа тұрған нәрсе. Үлкен жүреді, бала жүреді. Сүрініп кетеді.

Байғали Тілепбаев, қала тұрғыны:

Бекерден бекер жатыр. Трамвай жүріп жатқан жоқ. Жол жүріске кедергі келтіреді. Жүріп жатқан жоқ қой трамвай. Алып тастаған дұрыс.

Алматы трамвай желісінің тарихы 1937 жылдан басталады. Оның ұзындығы 70 шақырымға жуық болатын. Мамандардың айтуынша, трамвай рельсін алып тастау салғанынан қарағанда қымбатқа түседі.

Данияр Надырханов, қалалық мобильділік басқармасының бөлім басшысы:

– Қазіргі уақытта жеңіл рельсті көлік жүйесінің құрылысын іске асыру мәселесі қаралып жатыр. Бұл жерде Төле би көшесі негізгі коридор болып табылады. Осыған байланысты Төле би көшесіндегі трамвай желілерін алып осы жобаны іске асыру кезінде жоспарланған.  

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

– Қаладағы трамвай желісінің басты магистралі осы Төле би көшесімен өтетін. Биыл 6 жыл болды. Трамвай жүрмейді. Десе де рельстер алынбай әлі жатыр. Бұл маңда ірі сауда үйлері де, тұрғын үйлерде көп орналасқан. Мұндағы жұрт ескі рельстер адамға да, көллікке де кедергі дейді. Оның үстіне жол жөндеу жұмыстары да ұзаққа созылатындығын да айтып отыр.

Төле би көшесіндегі ескі трамвай жолы жөнделіп, орнына жеңіл рельсті көлік жүргіземіз дегелі де біраз жыл болды. Бірақ әзірге бұл іс өнбей тұр. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон