Өркениеттен жұрдаймыз – Алматы облысына қарасты Көктал ауылының тұрғындары

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Көктал ауылында қордаланған мәселе көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекен Алматы қаласынан 13 шақырым жерде орналасқан. 2 мың тұрғыны бар ауылда мектеп жоқ. Балалар басқа жаққа қатынап оқиды. Ең сорақысы, фельдшер балаларға екпені шаштараздың бөлмесінде салады. Жолсыз көшелермен жүру де қиын.

Көктал ауылы Талғар ауданының картасында көрсетілгенімен, есебінде жоқ елді мекен сынды. Ауылға автобус қатынамайды. Тұрғындар Еркін ауылының тұсындағы аялдамадан түсіп қалып, үйлеріне дейін 4 шақырым жолды жаяу жүреді. Себебі тасымалдаушы компаниялар ауылдың тозығы жеткен жолдарын көріп, автобус жіберуден бас тартқан. Екі көлік әрең сиятын жолдағы көпір де апаттық жағдайда. Ал жаяу жүргіншілерге арналған жол туралы айту да артық. 

Әлия Тұрсынбаева, ауыл тұрғыны:

– Мен таңертең алты жарымда шығамын жұмысқа. Таң қараңғысында иен даланың бәрін тұман басып тұрады. Жалғыз өзім жанымды шүберекке түйіп, жаңағы жерге дейін барамын. 

Серік Айнақұлов, ауыл тұрғыны:

– 14 жыл болды, менің тұрып жатқаныма. Автобус бір-ақ рет қатынады. Жолды көрді де қайтып кетті. Содан бері автобусты қайта кіргізе алмадық мына араға.

Көктал ауылы кеше бой көтерген жоқ. Өткен ғасырдың 40-жылдары түтіні түзу ұшқан ауыл, тоқыраудан соң еңсесін әлі көтере алмай келеді. Подхоз кезіндегі бастауыш мектеп, мәдениет үйі мен амбулаторияның қазір орны да жоқ. Одан бері, ауылдың ауқымы артып, жаңа үйлер салынды. Бірақ әлі күнге мұнда мектеп те жоқ, басың ауырып балтырың сыздай қалса бас сұғар емхана да жоқ.

Серік Айнақұлов, ауыл тұрғыны:

– Балаларды үш ауылға тасиды. Мына Еркін ауылына, кіші Байсеркеге, Греске тасиды. Бұл қосымша шығын ба әр отбасыға?!

Тұран Ақжолова, ауыл тұрғыны:

– Ауру кісі бір медпунктке бір укол салу үшін Жұлдызға, не болмаса Греске барамыз. Бір уколға. Денсаулығымыз жоқ. Бүкіл осы ауылға бір медпункт салса болады ғой, бір фельдшеріміз бар, 3 күнде бір рет келеді. Үш күнге дейін адам өліп те қалмай ма?!

Түсірілім тобы келді деген соң, ауыл әкімі төбе көрсетті. Қалыптасқан әдет бойынша, уәдені үйіп-төкті.

Нұрболат Қайбелдіұлы, Қайнар ауылдық округінің әкімі:

– Жерін дайындап, қазір мемактісін жасап, облыстық денсаулық басқармасына ұсыным бердік. Автобус кіргенде бізден жол сұрайды, дұрыс жол болу керек. Биыл жасалады. Мектепке тасу бойынша екі автобус алғанбыз. Балаларды мектепке тасиды. 

Тұрғындардың айтуынша, соңғы он жылда ауылда ештеңе жасалмаған. Тек мемлекеттік бағдарлама бойынша, республикалық бюджеттен су тартылған. Мәселенің шешілмеуі әкімдердің жиі ауысуынан дейді көкталдықтар.

Биыл ауылдағы үш көшеге асфальт төселеді. Ал медпункт қашан салынатыны әзірге белгісіз. Оған дейін ауыл тұрғындарына сабырын серік қыла тұруға тура келеді.

Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Сондай-ақ...