Парламент құрамына енбеген партиялар да заңнамалық жұмысқа қоян-қолтық араласады

Мәжіліс жанынан партияаралық кеңес құрылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін төменгі палата төрағасы Нұрлан Нығматулин парламенттік емес партиялардың өкілдерімен кездесуде осындай бастама көтерді. Енді Парламент құрамына енбеген партиялар да заңнамалық жұмысқа қоян-қолтық араласады.

Мәжіліс құжаттарды ашық әрі жариялы талқылауды әлдеқашан қолға алған. Кеңесіп пішкен тон келте болмас, оның нәтижесі де жоқ емес. Ал бүгін депутаттармен бірге Парламентке енбеген партия өкілдері бір үстел басында бас түйістірді. Палата спикері Нұрлан Нығматулин партияаралық кеңес құру туралы бастама көтерді. Елбасы, Президент де барлық партиялардың қоян-қолтық серіктестігін нығайтуды ұдайы айтады, сондықтан да бұл заңнамалық жұмысты мейлінше жетілдіре түсіп, мүлтіксіз етуге арналған мүмкіндік деді Мәжіліс спикері.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Осындай партияаралық кеңес құру туралы ұсыныстың ең басты мақсаты – ол парламенттік және парламенттік емес партиялар арасында тұрақты диалог орнату. Себебі осы жерде айтылатын бастамалар, ұсыныстар, пікірлер еліміздегі маңызды мәселелерді бірлесіп шешумен бірге, заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да ықпал етеді деп есептейміз.

Жаңа консультативтік-кеңес органы аракідік қана емес, үнемі ұсыныс-идеялар айтылатын жұмыс алаңына айналуы тиіс. Сол себепті де Мәжіліс төрағасы парламенттік емес партия өкілдеріне барлық заң жобалары бойынша жұмыс топтарының құрамына кіруді ұсынды. «Ауыл», «Adal», жалпыұлттық социал демократиялық партиялары өкілдерінің көкейкесті ойлары сөз емес, іс жүзінде ескерілмек.

Төлеутай Рақымбеков, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Біз ауыл партиясы Парламентке өте алмағандықтан, қазір кез келген заң жобасын талқылайтын жұмыс тобына өз өкілдерімізді ұсына аламыз, солар арқылы өз ұсынымысызды бере аламыз. Мұндай кеңес құрудың өзі қазіргі Мәжілісіміздің ашықтығын, халыққа жақындығын дәлелдеп отыр. Парламенттік емес партиялардың артында тұрған сайлаушылардың пікірін жеткізу арқылы проблемалар шешіледі деп ойлаймын.

Әр партияның өз бағдарламасы, өз түйгені болғанымен, баршасының илегені бір терінің пұшпағы - ол мемлекет дамуын ілгерілету. Парламенттік емес партия өкілдері құжаттарды депутаттық корпуспен бірге талқылап, өз ойларын қосу мүмкіндігін қуана қабылдады.

Эльдар Жұмағазиев, «Adal» партиясының хатшысы:

– Бұл Парламентке кірмеген біз сияқты партиялар үшін үлкен мүмкіндік деп есептейміз, себебі мына сайлауалды бағдарламамызда 5 мыңнан астам кездесу өткізіппіз, халыққа берген уәделеріміз бар. Келесі сайлауалды күтпей, қазір жүзеге асыруға мүмкіндік туайын деп отыр. Соған байланысты ең басты құжат, бұл партияаралық кеңестің жұмыс жоспары, соған біз бағдарламамыздағы 5 бағыттың бәрін де кіргізгіміз келіп отыр.

Парламентке енбеген партия өкілдері мәжілістің заң жобалары бойынша жұмыс кестесі берілді, енді олар қалаған құжатты қарауға қатыса алады.

Асхат Рақымжанов, жалпыұлттық социал демократиялық партиясының төрағасы:

– Бұл парламенттік емес партия өкілдері үшін де, депутаттар үшін де пайдалы. Заң шығару процесінен хабардар болып, өз ұсыныстарымызды жеткізе аламыз. Партияаралық кеңес парламентарийлердің жұмысын ашық етеді. Бір жағынан партиялардың өкілдіктеріне деген сенім орнатады деп үміттенеміз.

Бірлесіп тындырар іс аз емес. Президенттің ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында берген тапсырмаларына сай, жаңа құжаттар әзірлеу міндеті тұр. 

Индира Жылқайдарова