Елімізде вакцина алуда қандай кедергілер бар?

Елімізде коронавирусқа қарсы вакциналау басталғалы айдан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзірге 21 мың адам ғана екпе салдырған. Мамандар бәрі жоспарға сай жүріп жатыр деп сендірді. Алайда жыл соңына дейін 6 млн адамды қамту қажет.

Вакциналау науқаны басталғалы 21 мың адам ғана коронавирусқа қарсы екпе алған. Себебі дайын вакцинаға қол жеткізу оңай шаруа емес көрінеді. Кедергілер бар. Қарағандыдағы фармацевтикалық кешеннен өңірлерге 93 мың доза жіберілген. Оны педагогтарға салады. Дегенмен жоспардағы 6 млн адам аз емес. Қазіргі қарқынмен есептейтін болсақ, Қарағандыдағы кешен жұмысын жеделдету керек. Уақыт өте келе дозалар саны 600 мыңнан асады. Бірақ әзірге емес дейді мамандар. 

Сергей Барон, Қарағанды фармацевтикалық кешенінің бас директоры:

–Жжоспардағы 150 мың дозаны алу үшін бізге бір күн қажет. Оған дайындалу керек. Әзірге құтыларға құйып үлгермей жатырмыз. Өйткені ыдыстардың аузы тым жіңішке. Бұл ыңғайсыз. Дегенмен жұмысымыз толық қуатында жүріп жатыр. Біз сияқты биозауыттар өте аз. Сол себепті бір құтыға 5 доза салып қойған. Әйтпесе қордағы вакцина одан да аз болар еді. Үлгеру үшін екі ауысымда жұмыс істеп жатырмыз.

Еліміз «Спутник В» вакцинасын мақұлдаған 27-ші мемлекет. Алайда көпшілік көкейінде үміт пен күдік қатар тұр. Өйткені сәуір-мамыр айларында қарапайым халықты вакциналау басталады. 

Юлия Кучинская, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Үгіт-насихат жұмыстарынан кейін мен де індет жұқтырып алдым. Адамдармен байланыс көбейіп кетті ғой. Содан кейін ойымды бірден өзгерттім. Әрине, екпе салдыру әркімнің өз еркі. Бірақ вакциналауға дейін сараптамадан өтіп, қаралып алу керек. Мен де алғашында вакцина салдыруға қарсы болдым. Қазір өзімді емес, ең алдымен айналамдағы адамдардың жағдайына алаңдап, екпе салдырам деп шештім.

АҚШ-та 60 млн-ға жуық адамға коронавирусқа қарсы вакцина салынды. Тізімді Қытай, Ұлыбритания, Үндістан, Израиль жалғайды. Екпеге қолы жетпеген мемлекеттер де жоқ емес. Ал еліміздің денсаулық сақтау министрлігі індетке қарсы иммунитет қалыптастыру үшін халықтың 60 процентін вакциналау қажет дейді. Ол үшін қазақстандық Қазковид-ин вакцинасы дайындалып жатыр. Сондай-ақ Қытайдың Sinovac, Sinopharm және АҚШ-тың «Pfizer» компаниясымен екпе сатып алу бойынша келісім жүргізіліп жатыр. Бастысы, вакцина салдыру ел халқына тегін.

Мерей Мұратханқызы, Ержан Рахманберді

Сондай-ақ...