М.Барманқұлов мұрасы қазақ тіліне аударылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Қазақстандағы телерадио журналистиканың негізін салушы, ғалым, профессор Марат Барманқұловты еске алуға арналған халықаралық онлайн-конференция өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәстүрлі «Барманқұлов оқулары» аясындағы «ХХІ ғасырдың жаңа медиа-ландшафты» атты конференцияда журналистер мен факультет ұстаздары ақпараттық технологиялар мен тенденцияларды, білікті кадр даярлау мәселесін талқылады. Марат Барманқұлов 35 жыл ұлттық университетте еңбек етті. Білікті журналист, ұлағатты ұстаз болды. Оның теле және радио журналистика, мәдениеттану мен түркітану бойынша көптеген кітаптары жарыққа шықты. Іс-шарада ғалымның қазақ тіліне аударылған кітабының тұсаукесері өтті.

Клара Қабылғазина, филология  ғылымдарының кандидаты:

– Біздің халық әлі күнге дейін интернетті білмей жатқан уақытта «Телевидение: деньги или власть» атты кітабын жазып, сол жерде интернетке толық талдау жасады. Интернет деген не, ақпаратты қалай алу керектігін, халыққа қаншалықты қажеттігін бәрін сол кітапта жеткізіп, халыққа сипаттап берген еді. CNN, BCC сияқты алыптарды біз әлі естімеген күні ол кісі соның бәріне 90-жылдардың басында талдау жасап берген еді.