430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үйімізге қонақ шақыруға ұяламыз – елордадағы Құтпанов көшесінің тұрғындары

  • 155
  • UPD: 23:28, 04.03.2021

Үйдің жоғарғы қабатында су қысымы өте төмен көрінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселе былтырдан бері шешілер емес. Тұрғын үйдің өзге де проблемалары бастан асады.

Иманжүсіп Құтпанов көшесіндегі бірқатар тұрғын үйдің сиқы осы. Сыртқы көрінісінен адам үркиді. Қабырғасы қақырап, іргетасы сөгілген. Құбырларының тозығы жеткен. Осыған байланысты су қысымы да жоғарғы қабатқа жете бермейді.

Гүлнар Әлжаппарова, қала тұрғыны:

– Жуырда үйімізге әкімдік өкілі келіп кеткен болатын. Өз басым қасында жүріп, әр қабатты көрсеттім. Мәселелердің расымен де қордаланып қалғанын мойындады. Кейін қажетті қаржы көлемін жинап берсеңіз, жөндеу жұмыстарын жүргізуге демеушілерді жұмылдыра аламыз деп уәде бергендей болды.

Ал пәтер иелері кооперативі ақша жинау түгілі, жалпы жиналыс ұйымдастыруға жарамай отыр. Әлеуметтік желідегі тұрғындар чатында да жауап қатпайды. Жауап бергеннің өзінде тек құрғақ уәдемен құтылады дейді ашынғандар. ПИК есігі жабық болған соң төрағасына қоңырау шалдық. Жұмыс барысымен қаланың басқа ауданында жүргенін айтты.

Еділ Өтебаев, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

– Су негізі 5 қабатты үйге арналған. Ал 6-қабатқа сорғы қою керек. Жиналыс жасалды. Халықтың бәрі біледі. 50 проценттен көбі қарсы шығып жатыр қондырмаймыз деп.

1977 жылы бой көтерген 5 қабатты нысанның 6-мансардтық қабаты шамамен 15 жыл бұрын салынды. Ол кезде су қысымын арттыратын құрылғы болғандықтан, бұрынғы тұрғындары судан таршылық көрмепті. Бірақ жылдар өте келе құрылғы көнеріп істен шыққан. Ал су қысымы жететін төменгі қабат тұрғындары ортақ мәселені шешуде ауызбіршілік танытпай, ақша жинаудан бас тартып отыр дейді көршілері.

Ақерке Тобағұлова, қала тұрғыны:

– Біз КСК-ға шағым айттық. Әкімдікке де шағым жаздық. Олардан қолдау жоқ.

Электр желілері ашық қалған, құбырлары шіріген, подъезд ішіндегі саты қоршауларында саңылаулар көп. Ойын баласы үшін қауіпті.

Белгілі болғандай, су қысымын еселейтін жаңа құрылғының бағасы – 600 мың теңге. Ал құбырларды жаңарту үшін қосымша 400 мың теңге қажет. 2014 жылы техникалық қадағалау жүргізілді. Сол кезде үй жағдайы апаттық деп танылған жоқ. Араға 3 жыл салып тағы бір тексеріс өткен болатын.

Еркебұлан Көшкінбай, тұрғын үй ғимараттарын апаттық деп тану жөніндегі ведомствоаралық комиссия хатшысы:

– Техникалық қадағалау аталған үй бойынша 2017 жылы жүргізілді. Және заңды тұлғаның шешімімен физикалық күйзелісі 47 пайыз деп көрсетілген. Яғни апаттық деп тануға жатпайды. Сонымен қатар үйді одан ары күтіп ұстау және қауіпсіз пайдалану бойынша нұсқамалар берілген. Яғни ортақ мүліктің кейбір бөліктеріне, құбырларына, шатырларына, қабырғаларына күрделі жөндеу жүргізу керектігі туралы нұсқама жазылған.

Маманның айтуынша, тұрғындар техникалық қадағалау нәтижесімен келіспесе, өз қаражатына тәуелсіз бағалаушыны жалдай алады. Ал келесі жоспарлы техникалық қадағалау тек 2022-2023 жылы жүргізіледі. Тұрғын үйді сүру үшін апаттық жағдай көрсеткіші 62 проценттен кем болмауы керек. Айта кеткен жөн, бүгінгі таңда елордада 200 тұрғын үйдің тозығы жеткен. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл қалада 4 тұрғын үй сүріледі.

Мирлан Алтынбек, Жандос Сұлтанғазы, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы