Шымкентте коронавирус жұқтырғандар саны күрт өскен

Соңғы тәулікте 52 адамнан COVID-19 анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай көрсеткіш шаһарда көптен бері тіркелмеген еді. Өңір әзірге «жасыл» аймақта. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті індеттің таралу себебін айтты. Аурудың алдын алу мақсатында 36 адам тексеруден өткен. Олардың арасында бір жүкті әйел бар. Қалғандары – науқаспен қарым-қатынаста болғандар. Коронавирус ұжымдардан да шығып жатыр. Шымкентте апта басында карантин талаптары жеңілдеген. Қазір бильярд клубтары мен жабық ғимараттағы балалар аттракциондары жұмыс істеп жатыр. 

Ералқасын Түктібай, қалалық СЭБД жетекшісінің орынбасары:

– Кешегі күні Шымкент қаласында бірден 52 жағдай тіркелгені алаңдатарлық жағдай емес. Өйткені бізде күнделікті тексерілетін науқастар бар. Алдын ала тексерілетіндер бар, ауруханаға жататындар бар. Солардың бәрі кешегі күні көп тексерілген. Сондықтан 52 жағдай шығып отыр. Ол 52 жағдайдың 42-сі симптомсыз, 10-ы симптоммен және 18 жасқа дейінгі 4 адам келген. Олардың барлығы – сау адамдар. Тек қана зертханалық тәсілмен тексеру кезінде оң нәтиже беріп отыр.