Гүл шоқтарын қалай таңдау керек?

Қарағанды қаласында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында гүлдердің бағасы 20% қымбаттаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған қарамастан гүл сату орындары мереке қарсаңында қызғалдақтың 10 мың данасына тапсырыс береді.

Қазір гүл сатушылардың білегін сыбанып тұрған кезі. Себебі 8 наурыз қарсаңындағыдай пайда басқа 360 күннің еш бірінде болмайды. Сондықтан осы күні тіпті мынадай шағын ғана гүл сату орындары кемі 10 мың қызғалдақ, 10 мың раушан гүліне тапсырыс береді. Талғамы жоғарылар өз таңдауын жасайды.

Алайда, құшақ-құшақ гүл шоқтарын сыйламас бұрын өсімдіктің пайдасы мен зиянын білген жөн. Себебі аллергиясы бар жандарға кейбір гүлдер қуаныш емес, қиындық тудыруы мүмкін.

Меруерт Мұқанова, аллерголог:

– Аллергия бойынша лилия, түймедақ, Хризантема гүлдерін бермеген жөн, себебі олар аллергия тудырады. Олардың құрамында шаң-тозаң бар. Және қатты иісі бар гүлдер бермеген жөн.

Гүл шоқтарын сыйлаған кезде олардың ұзақ уақыт жайқалып тұрарына да назар аударған жөн. Себебі сыйлаған сыйлығыңыз аз уақытта солып қалса, жақыныңыздың көңіліне кірбің келуі мүмкін.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

– Мамандардың сөзіне құлақ түрсеңіз, бірқатар гүлді бермеу керек дейді. Бірақ ол сіздің жақыныңыз болса дала гүлін де, лала гүлін де, тіпті лилияны да сыйлауға болады. Десе де әйелдер қауымына жақсы көңіл-күй сыйлағыңыз келсе, көбіне ол раушан гүлі мен қауызы енді жарылған қызғалдаққа жетері жоқ.

Дұрыс таңдалған гүлдер тіпті апталап жайқалып тұра алады. Ол үшін бірқатар ережелерді ескерген абзал. Гүл баптаушылар сабағы кесілген гүлдің күтімі туралы былай дейді.

Лейли Шахманова, флорист:

– Әлбетте бірінші кезекте тиісті температураны сақтау. Тым қатты ыстық не салқын жерде тұрса тез солып қалады. Жапырақтарын жұлып тастауға болады. Себебі гүл өсімдік болғандықтан ол минералдарды жапырақтарына жеткізгенше қауызы солып қалуы мүмкін. Сондықтан жапырақтары жұлынған гүлдер анағұрлым көп тұрады. 

Ерлер арасында жүргізілген сауалнамаға сүйенсек, 60% Халықаралық әйелдер күні жақындарына гүл сыйлағанды жөн көреді екен. Осы кезеңде сұраныс артып, бағаның қымбаттауына да ықпал етеді. Десе де гүл сатушылар бағаның құбылуы қазіргі бағам және тасымалға да байланып тұрғанын айтады. Себебі гүлдің біраз түрі шет елдерден жеткізіледі.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков