Жаңаөзенде туабітті сырқат балаларды оңалту орталығы ашылды

Жаңаөзенде алғаш рет туабітті сырқат балаларды оңалту орталығы ашылды. Емдік нысан жергілікті мұнай мекемесінің қолдауымен бой көтерген. Жақын арада көп бейінді аурухана жанынан үш қабатты қосалқы ғимарат құрылысы да басталады. Енді әр шағын ауданда орналасқан емдеу бөлімшелері бір нысанға шоғырланады.

Оңалту орталығы түрлі неврологиялық сырқатқа шалдыққан балаларға тегін қызмет көрсетуге дайын. Мамандардың айтуынша, мұндағы тренажерлер Ақтаудағы емханаларда жоқ. Былтыр орталық ғимараты демеуші қаржысына күрделі жөндеуден өтті. Биыл 6 қызметкер Нұр-Сұлтанда біліктілік арттыру курсын оқып келді. Орталық қызметін одан әрі жетілдіру және ұжымға жалақы төлеу үшін әр мұнайшыдан ай сайын 491 теңге қоғамдық қорға түсіп тұрады. Қазір Жаңаөзенде мүмкіндігі шектеулі 1032 бала есепке тіркелген.

Фатима Кеңғанова, невролог:

- Біз көп құжат жинатпаймыз. Қысқаша ауру жағдайында выпискасын алып, реабилитация алуға ешқандай қарама-қайшылығы жоқ балаларды қабылдай аламыз. Балалар осында айдың аяғына дейін 20-24 күн емін алады. Әзірге 20 бала деп жоспарлап отырмыз. Бізде 3 ЛФК инструктор бар. Әр инструкторға 7-10 баладан келсін деп отырған жағдай. Себебі олар толыққанды уақытында өз емін алуы керек. 

Фариза Шыртанова, қала тұрғыны

- 4 баланың анасымын, бір балам сондай. 3 жасында аутизм бар екенін білдік. Ташкентке бардық, Астраханға бардық. Барлық елді шарлап келдік қой. Өз жерімізде болғаны жақсы, қаламызда. Енді осы жаққа келетін боламыз. Көп жұмыстану керек баламен. Соған мамандар керек бізге. 

- Мына жерде үш этажды ғмарат болады, Т-образды.

Қала халқы көптен күткен тағы бір жаңалық - көп бейінді аурухана жанынан үш қабатты нысан салынатын болды. Республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе, биыл құрылысы басталуы тиіс. 57 жыл бұрын салынған 360 орындық аурухана науқастарды қабылдауға таршылық етеді. Нысанды кеңейту 2013 жылы қолға алынып, іргетасы қаланған. Кейін түрлі себеппен тоқтап қалады. Бүгінде жертөлесі көтеріліп, инфрақұрылымдық желілер тартылып қойылған. Жоба жүзеге асса, 100 төсек-орындық жаңа ғимарат қолданысқа беріледі.

Серік Асқаров, Жаңаөзен қалалық көпбейінді аурухана директорының міндетін атқарушы

- Қаржы мәселесі шешіліп жатыр. Биыл ғимарат құрылысы басталады. Мұның ішінде терапия бөлімі, неврология бөлімшесі, кардиология, гинекология бөлімшесі, реабилитация бөлімшесі, сосын 1-этажында травмпункт, жалпы қабылдау бөлімі болады. Біздің бөлімшелер шашылып-шашылып орын болмай, ауруханамыз тар болғасын жан-жақта болды. Енді көп мәселені шешеді осы ғимаратты салсақ.

Былтыр карантин кезінде жаңаөзендіктер ПТР-тест тапсыру үшін Ақтауға барып жүрді. Аймақ әкімдігі және демеушілердің қолдауымен өткен желтоқсанда қалалық аурухана іргесінен зертхана ашылды. Мұндағы 5 қызметкер осы күнге дейін 3 мыңдай тұрғынға қызмет көрсеткен. Олар тәулігіне екі ауысымда жұмыс істеп, 200 адамға дейін қабылдай алады. Айтуларынша, тест қорытындысы бар-жоғы 3 сағатта дайын болады.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев