Қояндар елорда орманының басты жауына айналды

Жайқалып өсіп тұрған ағаштарды шетінен кеміріп жатыр. Орман қорғаушылар осылай деп дабыл қақты. Енді салпаңқұлақтармен кешенді күрес жүргізіледі. Ең алдымен химиялық қоспа қолданылады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Мынау елорда маңындағы алма ағаштары. 40 мың түбі отырғызылған. Жайқалып өсіп тұрғанына 2 онжылдық болып қалды. Бірақ бұларға зиянкестерден келетін бір қауіп бар. Әсіресе қояндар қабығын жеп, түп-тамырымен құртып жатыр. 

Ардақ Хасенов, орманды қорғау мекемесінің бас агрономы:

- Енді қоян өздігінен пайда болған орман биоценозы болғандықтан, біз оны көзін жоя алмаймыз. Тек қана қоян жақсы көретін ағаштардан үркітетін препараттар қолданамыз. Қазіргі кезде сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Әлгі сүтқоректілерді іздеп, маңайды біраз шолып шықтық. Көзге көрінбесе де іздері сайрап жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл аумақта қояндар тым көбейіп кеткен. Орман ағаштарына ең басты қауіп солардан келетін көрінеді. Әсіресе жеміс-жидек дінін құртады. Мұның артында маңдай тер мен еселі еңбек жатыр. 80 мың түп алмадан бөлек емен ағаштарына да зиян келе бастаған. 

Ардақ Хасенов, орманды қорғау мекемесінің бас агрономы:

- Емен ағаштары кішкентай, бойлары 1 метрге жеткен жоқ. Оларды жоба бойынша қамыспен орап, қорғаймыз. 

Қояндардың популяциясын жабайы табиғат реттейді. Егер дәл осы аумақта басқа да аң-жануар жеткілікті болса, жасыл-желекке осынша зиян келмес еді. Яғни жасанды орман мамандардың көмегімен жайқалып өсе береді. Мұндағы мәселе қоян аулайтын қарсақ немесе түлкінің аз болуы.

«Әйтпегенде салпаңқұлақтар бұлайша еркінсімес еді», - дейді мамандар. 

Айдар Рашид, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы:

- Біздің жасыл орманымыздың ағаштары өсіп келе жатыр. Қазіргі уақытта химиялық жұмыста 30 адам жұмыс істеп жатыр. 

«Ендігі амал қысы-жазы жасыл-желекті қызғыштай қорғау», - дейді орман сақшылары. Қояндарды үркітуге арнайы сұйықтық қолданады. Химиялық қоспаның ағашқа да, жан-жануарға да аса зияны жоқ. Қазір елорда орманы 24 мың гектар аумақты алып жатыр. Соның 14 мыңына жасыл желек егілген. Биыл көктемде орман қоры тағы бірнеше мың жас шыбықпен толығады.