432,26 519.25 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұр-Сұлтанда 2021 жылы 10 мың жеңілдетілген пәтер салынады

  • 146
  • UPD: 13:32, 05.03.2021
Нұр-Сұлтанда 2021 жылы 10 мың жеңілдетілген пәтер салынады Елорда әкімдігі

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында ел астанасында баспана мәселесі қандай жолдармен шешіліп жатқанын түсіндіріп өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Баспана – өте өзекті мәселе. Бұл бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. Жеңілдікпен берілетін пәтерлер салынып жатыр. Апатты жағдайдағы ескі үйлерді сүріп, қауіпті тұрғын үй кешендерді жөндеп келеміз. Сонымен бірге құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтап пайдалануға беріп, тұрғындарды тұрғын үй сертификаттарымен қамтамасыз етіп жатырмыз және т.б. Жетекші құрылыс компанияларымен кездесуде маңызды мәселелер қатарын талқыладық.

Бірінші. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолжетімді жеңілдікпен берілетін тұрғын үй құрылысын кеңейтуді жалғастырамыз. Мәселен, 2018 жылы – 1100 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы – 2900 пәтер салынса, 2020 жылы 7 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салынды. Бұл көрсеткіш биыл 10 мыңға дейін артты.

Екінші. Елордада Елбасының бастамасымен үшінші жыл қатарынан (2019 жылдан бастап) «жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Ол бойынша жыл соңына дейін мыңнан астам жас баспаналы болады.

Үшінші. Қауіпті тұрғын үй кешендерін жөндеуді жалғастырамыз. Өткен жылы 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені жасалды. Олардың ішінде балкондарымен «әйгілі» болған үйлер бар. Жел соққанда балкондар қабырғалардан алыстап кететін еді. «Территория комфорта-2» үйі де осы қатарға жатады.

Төртінші. Өткен жылы апатты жағдайдағы ескі үйлерден 200-ге жуық отбасы көшірілсе, биыл да дәл сонша отбасы көшіріледі.

Бесінші. Тұрғын үй сертификаттарының мөлшері 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін көбейтілді. Сондай-ақ тұрғын үй сертификаттарын алушылардың санаттары кеңейтілді: егер бұрын тізімге халықтың әлеуметтік әлсіз тобынан 3 санат қана болса, енді барлық санаттар енді.

Алтыншы. Үлестік құрылыс нысандарын аяқтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудеміз. 2019 жылы 10 үлестік құрылыс нысаны салынып, пайдалануға берілді, бұл 2,5 мың үлескер. 2020 жылы екі есе көп – 20 ТК аяқталды. Биыл тағы 7 мыңға жуық үлескерге кілттерді табыстауды жоспарлап отырмыз.

Тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша барлық шараларды бақылауда ұстаймыз», – деп жазды елорда әкімі.

Хабар 24 телеарнасы