Елордада ағаштар мен бұталарды қояндардан қорғау жұмысы жүріп жатыр

Елорданың айналасындағы жасыл белдеуде бүгінде 11 миллион ағаш пен екі миллионға жуық бұта бар.

Бұл жерді зиянкестер мен кеміргіштерден қорғау жұмысы жыл бойы жүргізіледі, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Ағаштар мен бұталарға қояндар жиі қауіп тудырады. Қыста үлкен ағаштардың қабығын аршып қана қоймай, жас бұталардың түбін қопарып тастайды.

Жасыл белдеудің ағаштар мен бұталар егілген тұсына тек шаңғымен жетуге болады. Бұл жердегі қардың тереңдігі кем дегенде бір метр. Қызметкерлер қорғаныш костюмдерімен жүріп, креолин себу жұмыстарын жүргізуде.

«Бұл негізінен қыс мезгілінде азық қорының жетіспеуіне байланысты. Қояндар биоценоз бөлігі болғандықтан оларды жойып тастай алмаймыз. Сондықтан біз ең көп зақымдалған ағаштарға, яғни жеміс-жидектерге үркітетін препараттар себеміз», - деді көшеттерді күту жөніндегі компанияның бас агрономы Ардақ Хасенов.

Оның айтуынша, препараттан ағаштарға да, жануарларға да зиян жоқ. Күн суығанда екі рет жүргізіледі: қыстың басында және соңында. Жасыл белдеудің аумағы 14 мың гектардан асады.

«Бұл жер учаскелерінде ағаштардың белгілі бір түрлерінің тіршілік ете алуы тексерілуде. Ғылыми тәсілдер негізінде ағаштардың белгілі бір сорттарын себеміз. Биыл біз 800 мыңнан астам көшет отырғызуды жоспарлап отырмыз. Оның 60 мыңы – қарағай. Егер ағаштар қабықсыз қалса, өліп қалуы мүмкін. Оларды қорғау керек. Ал қояндардың санын табиғи түрде реттеу мүмкін емес», - деді Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы бөлімінің бас маманы Айдар Рашид.