Алматыдағы «Самал-2» шағынауданында сатылған жер дау-дамай туғызды

Алматыдағы «Самал-2» шағынауданының тұрғындары арасында шу шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі үйдің ортасынан жер сатып алған меншік иесі көп қабатты ғимарат салуды жоспарлап отыр. Бірақ тар жерде тағы бір нысанның бой көтеруіне 12-ші үйдің тұрғындары наразылық білдірді. Алайда, 91-ші үйдің адамдары ескі пәтерін сол жерде бой көтеретін жаңа баспанаға ауыстыруды қалайды.

Алмас Садуақас, тілші:

- «Самал-2» шағын ауданындағы 12-ші және 91-ші көп қабатты үйдің ортасындағы 1,5 гектар жер қоршалған. Қоршау ішіндегі ескі үйлер сүріледі. Өйткені жер сатылған. Меншік иесі бұл жерге 18 қабатты ғимарат салуды көздейді. Құрылысты бастау үшін қоршаудың сыртына темір бағаналарды орнатып үлгерген. Көше тарылғандықтан, тұрғындардың көлікпен еркін өтуі қиындады. Сондықтан 12-ші үйдің тұрғындары бұл құрылысқа қарсы.

Гүлнәр Көмекбаева, қала тұрғыны:

- Қаланың бас жоспарына сәйкес бұл жерде саябақ, балалар ойнайтын алаңқай болуы керек. Алайда, кейін ол жоспар қалайша өзгеріп кеткені мүлдем түсініксіз. Саябақ орнына 18 қабатты ғимараттың құрылысы жүргізілмек. Егер ол ғимарат салынса, мұндағы жер де ауа да тарылады.

Алайда, 91-ші үйдің тұрғындары болса ғимараттың салынуына қарсы емес. Өйткені олар мына ескі үйлерде тұрады.

Алмас Садуақас, тілші:

- Мына үйдің іргетасы 1940 жылдары қаланған еді. Содан бері 80 жыл уақыт өтті. Үй әбден ескірді, тозығы жетіп, қожыраға айналды. Дегенмен, әр үйдің иесі бар. Ескі болса да, бұл үйлерде 50-ден астам адам тұрады. Үйдің қазіргі коммуникациялық жүйелері ескірген, жыл сайын жөнделсе де, қабырғалары құлай береді. Сондықтан да бұл үй тұрғындары дәл қасында тұрған мынадай үйге көшіп, жаңа пәтерге кіргісі келеді, әрине.

Құрылысты жоспарлаған компания 91-ші үйдің тұрғындарына жер телімінің өтеуі ретінде жаңа үйден пәтер беруге  ұсыныс жасапты. «Бұл біз үшінт тиімді. Сондықтан құрылысқа қарсы шыққан көршілерімізбен келіспейміз», - дейді ескі үйдің тұрғындары.

Алтынай Нұғманова, қала тұрғыны:

- Даладағы үйлер бізге қатысы жоқ үйлер, адамдар біз үшін неге олай шешеді. Үкіметтің «Ескі үй» бағдарламасына жатқызып, бізге басқа жерден үй беру керек сонда. Сонда олардың бізден артықшылығы неде? Біздің олардан неміз кем? Егер олар инвестор біздің бір бөлмелі пәтер 30 шаршы метр дейік, 30 шаршы метрдің орнына 10 шаршы метр артығымен беріп тұрса, жаңа үйден беріп тұрса, неге келіспкеске?!

Бақыт Даубаев, қала тұрғыны:

- Сол жерден пәтер берсе келісеміз. Өйткені мына жерде тұрғаннан кейін басқа жаққа кеткіміз келмейді. Мына халықтың бәрі солай деп отыр. Әбден үйренген жерлері. Бәрі осында тұрғылары келеді.

Десе де, жерді алған меншік иесі де, мердігер мекеменің өкілі де бүгін тұрғындармен кездеспеді. Қандай ғимарат салынатыны туралы нақты дерек жоқ. Анығы, «Диалог строй»» компаниясының атынан қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасына құрылыс жүргізу туралы алдын ала хабарлама беріліпті. Бірақ ол қандай ғимарат болатынынан басқарма басшылығы әзірге хабарсыз. Көршілер арасындағы келіспеушілік әлі ұзаққа созылатын түрі бар. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев орталықта құрылысты бей-берекет жүргізуге тыйым салған болатын. Жалпы Алматының тарихи орталығында 36 жер телімінің жеке меншікте екені анықталды. 14 жер телімінде құрылыс басталды. 3 нысанның құрылысы тоқтатылып, әрі рұқсат құжаттары қайтарылған.

Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев, Эдуард Кон