430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Таразда жеті жыл бұрын салынған көп қабатты үйдің қабырғалары қақырай бастаған

  • 151
  • UPD: 21:33, 05.03.2021

Тараздағы «Бәйтерек» шағынауданының тұрғындары баспана құрылысының сапасына наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

7 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген 70 пәтерлік жалдамалы үйдің қабырғалары қақырай бастаған. Қатты желден шатыры ұшып, қаптамалары мен сылағы түсіп жатыр.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Мына көп қабатты үй небары 7 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген еді. Бірақ жаңа қонысқа көшкен үй тұрғындарының қуанышы ұзаққа бармады.

Бір жыл өтпей ақ үйдің сапасыз салынғаны белгілі болған. Әсіресе, 5-ші қабаттағыларға қиын. Шатырдан толассыз аққан суды тоқтату үшін олар жыл сайын жөндеу жүргізуге мәжбүр.

Сандуғаш Төленбекова, қала тұрғыны:

- 7 жыл болды келгенімізге, 7 жылдан бері су ағып жатыр. Әкімшіліктен де келді, барлық жақтан келіп жатыр, нәтиже жоқ. Екі бөлмелі үйден жыл сайын ағады. Кімге барамыз. Не жазамыз? Болмаса өзімізге аударып берсін үйді, біз өзіміз істетейік сол кезде. Қимылдайық, әйтпесе елдің бәрі арендасын төлеп отыр.

Үйлердің кіреберісі ылғи шалшыққа айналса, баспалдақтарына мұз қатады. Соның кесірінен жоғарғы қабаттарға көтерілу оңайға соқпайды. 36-шы үйдің тұрғындары шатырды өз күштерімен жөндеуге талпынып көрген. Бірақ жұмысы тым күрделі болған соң еш нәтиже болмады. Қазір сапасыз салынған үйдің қабырғасы қақырай бастапты. Қасбетіндегі қаптамасы құлап, сылағы сыпырылып түскен. Тұрғындар әкімдікке бірнеше мәрте хабарласып, үшбу хат жолдағанымен, еш нәтиже жоқ.

Талғат Әлжекенов, қала тұрғыны:

- Үкімет тарапынан берілген үйге қуанып, осы пәтерді алған көп балалы ата аналар бар. Былтыр басталған жөндеу бір жыл болды әлі келе жатыр. Жел тұрса темір-терсек ұшып жатыр.

Сапасыз салынған үй алғашқы дауылға да шыдас бермеді. Бірнеше жыл бұрын қатты желден №37 үйдің балконы опырылып түсті. Ал, ақпан айындағы боранда көрші үйдің қабырғасындағы қаптама ұшып кетті. Былтыр жазда екі үйдің сыртын металл қаптамамен бекітуге кіріскен мердігер де өз міндетін толық атқармады. Енді бұл жұмыстардың қашан аяқталары белгісіз. №36 үйдің сапасыз салынғанын әкімдіктегілер де мойындайды.

Ғазиз Ералиев, Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

- Өз міндетін дұрыс атқармаған мердігерді жауапсыз мердігерлер реестріне енгізу бойынша жұмыс жасаудамыз. Қазір істі сот қарап жатыр. Сот оларды өз ісін аяқтауға міндеттейді немесе біз келісімшартты бұзып, басқа кәсіпорынмен жұмыс істейтін боламыз. Ал, жобалық шешімде кеткен қатеге байланысты 36-шы үйдің төбесін толықтай қайта жасау керек. Биыл біз оны бюджетке енгізу бойынша негіздеме беріп көреміз. Егер жергілікті бюджеттен қаржы бөлінсе, үйдің шатыры жөнделеді.

Әкімдіктегілер шатырды жөндеуге нақты қашан өтінім беретіні әзірге белгісіз. Сондықтан сапасыз салынған үй тұрғындарына әлі де шыдай тұруға тура келеді.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатилла

Хабар 24 телеарнасы