Карантин талаптарын бұзған блогер жауапқа тартылды

Ақтаулық тәртіп сақшылары блогер Нұрдәулет Тұрсынды карантин талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік желіде танымал жігіт теңіз жағажайында смарт-сағат жасырып, оны тапқан адамға сыйлауға уәде берген. Іле-шала жүздеген адам 15-ші шағынауданға жиналып, бірнеше сағат бойы оңай олжаны іздеді. Бұл көріністен кейін полицейлер заңсыз іс-шара ұйымдастырған ер адамды ұстады.

Еркін Елеусізов, қалалық ПБ ЖПҚ бөлім басшысының орынбасары:

- Ұтыс ойынын ұйымдастырушы блогерлердің іс-әрекеттері ғаламтор желісіне таралған болатын. Ақтау қаласы бойынша полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары дер кезінде жұмыстанып, құқықбұзушыларды анықтады. Түсініктемелер алынып, қазіргі таңда тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасына жадығаттар жолданды.