432,26 519.25 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Синоптиктер: Елімізде демалыс күндері де боран болады

  • 284
  • UPD: 20:54, 05.03.2021
Синоптиктер: Елімізде демалыс күндері де боран болады

Күн бұзылып, табиғат тағы тосын мінез танытты. Еліміздің бірнеше өңірінде қазір ақтүтек боран.

«Қазгидрометтің» болжауынша солтүстік өңірлерле алдағы бірнеше күн қатты жел соғып, тұрақсыз ауа райы сақталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Ақмола облысындағы жолдар кешелі бері жабық. Бет қаратпайтын ақтүтек бораннан далада түк көрінбейді. Сондықтан құзырлы органдар тұрғындарды алыс сапарға шықпауға шақырып отыр. Өйткені қазірдің өзінде сыртты айтпағанда, қаланың ішіндегі жағдай мәз емес.

Нұрлан Атығаев, облыстық ТЖД бастығы:

- Құрметті Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтары! Ауа райының бұзылуына байланысты республикалық және облыстық маңыздағы жолдарға шектеу қойылды. Сол себепті, сапардан бас тартуларыңызды сұраймыз. Ал, жолға шығу қажет болып жатса, теміржол көлігін пайдалану керектігін ескертеміз.

Қостанай облысында да жағдай осындай. Желдің жылдамдығы секундына жиырма үш метрге дейін жетті. Осыған байланысты барлық көліктер үшін жергілікті және республикалық маңызға ие 20-ға жуық жол учаскесі жабылды. Қар құрсауында қалғандар жайлы әзір ақпарат жоқ. Ал ауа райы бұзылған елді мекендер маңында патрульдік полицейлер кезекшілік жасауда.

Солтүстік қазақстан облысында да қыс қаһарынан қайтар емес. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жергілікті, облыстық маңыздағы жолдардың барлығы және республикалық трассалардың 10 шақты учаскесі жабық. Синоптиктерлің болжамынша, алдағы бірнеше күн өңірде тұрақсыз ауа райы сақталады. Ақтүтек боранға байланысты жедел арнайы штаб құрылды. 150-ден астам техника қар аршу жұмыстарымен айналысып жатыр. Ал өңірде 314 жылыту бекеті бар.

Рүстем Жұмағалиев, облыстық ТЖД Басқарама басшысы:

- Тимирязев және Шал Ақын аудандарының арасында 8 көлік қар құрсауында қалды. Яғни бұл учаскеде қар тазаланған болатын. Алайда қатты боранның салдарынан жолды қайта алып, темір тұлпарлар батып жатыр. Метеорологиялық жағдай түнде мүлдем қиындайды. Кей жерлерде желдің екпіні 20 метрге дейін жетеді деген болжам жасалуда.

Еліміздің батысында да ауа райы құбылып тұр. Мәселен, бүгін түнде «Қаратөбе – Қалдығайты» тас жолында қар құрсауында қалған 3 жеңіл көлік құтқарылды. Қарға батқан автомобильдерде болған 11 адам Қаратөбе ауылына эвакуацияланды. Олардың арасында бала да болған. Ал кеше кешкісін «Деркөл – Вителки» автожолында ішінде 17 оқушы болған 2 ПАЗ автобусы құтқарылған еді.

Бұған қоса, 7 жеңіл көліктің жолаушылары да Новостройка кентіне эвакуацияланды.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы