Індетпен күреске атсалысқан медицина мектебі

2020 жылдың 13 наурызында елімізде алғаш рет COVID-19 инфекциясы тіркелді.

Содан бері дәрігерлер қауіпті індетке қарсы күресте алғы шепте жүрді.

Ақ халаттылардың білімін жетілдіріп, тәжірибесін толықтыратын «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» де күндіз-түні тынбай жұмыс істеді. Медицина мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында құрылған Алматыдағы оқу орны жайлы арна тілшісі әңгімелейді.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғарғы мектебі» 1997 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының келісімімен құрылған. Сол уақыттан бері еліміздегі медицина мамандарының және денсаулық сақтау органдары мен мекеме басшыларының біліктілігін арттыру жолында жұмыс жасап келеді.

Ардақ Әуезова, «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғарғы мектебінің» ректоры:

- Пандемия кезінде біздің жоғарғы мектебіміз медициналық жоғарғы оқу орны болғандықтан, жалпы халқымызға, медициналық мекемелерге көмек беру жолдарын іздедік. Қандай көмек көрсете аламыз деп. Соған байланысты осы 2020 жылдың мамыр айынан бастап желтоқсан айына дейін осы» Қоғамдық денсаулық сақтау жоғарғы мектебінде» 3000 мыңнан астам медициналық қызметкерлер дәрежесін жетілдірді.

Оқу орны пандемия кезінде коронавирустық инфекцияны емдеу мен алдын алу, дәрігерлік көмекті ұйымдастыру және эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру жөнінде медицина саласы қызметкерлеріне 61 тақырып бойынша қысқа мерзімді курстар ұйымдастырған. Офлайн форматта медициналық муляждарды пайдалана отырып, 20-дан астам маман білімін жетілдірген.

Айгүл Тұрысбекова, №26 қалалық емхананың бас дәрігері:

- Індетпен күрес жолында медициналық университеттердің ықпалы өте үлкен болды. Түрлі індетке қарсы вебинарлар және конференциялар ұйымдастырылды. Шетелдік және отандық ғалымдар мен оқымыстылардың қатысуымен біліктілігін жоғарылату курстары ұйымдастырылды. Осы орайда науқастарды жіктеп, оларды жеңіл, ауыр түрлерге бөліп, қажеттілерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ауруханаға жатқызу үшін мобильдік топтар құрылды.

Індет етек алған тұста «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғарғы мектебі» Қытай мен Германия, Испания мен Греция және Израиль секілді медицинасы жақсы дамыған елдермен онлайн семинарлар ұйымдастырып, тәжірибе алмасқан. Себебі, коронавирус инфекциясы туралы кез келген мәлімет дәрігерлер үшін маңызды еді.

Ардақ Әуезова, «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің» ректоры:

- Біздің серіктестеріміз Қытайдағы ең үлкен қаланың бірі Шеньчжень қаласының денсаулық сақтау комитеті және Шеньчжень университеті ұйымдастырған осы практикалық нұсқаулар. Соны біз қысқа мерзімде орыс тіліне аударып, біздің Алматыдағы мекемелерге таратып бердік. Ал онлайн режимде біздің сайтымызда болды. Мамандар осында түнеп, жататын орындар қысқа мерзімде ұйымдастырылды. Осы мамандарымыздың қауіпсіз жұмыс атқаруына мүмкіндік бердік.

Биыл қаңтар айының алғашқы күндерінен бастап оқу орны алғашқылардың бірі болып офлайн жүйеге көшті. Қазір еліміздің әр бұрышынан келген медицина мамандары «Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінде» біліктілігін арттыруда. Оларға барлық мүмкіндік жасалған. Мұнда шетелде білім алған 70-ке жуық профессор дәріс береді.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев