Ақтөбе облысында 30 елді мекенді су басу қаупі бар

Ақтөбе облысында 11 мыңнан астам тұрғыны бар 30 елді мекеннің суға кету қаупі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан Төтенше жағдай қызметі мен жергілікті атқарушы органдар көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейтіп жатыр. Су қоймалары мен өзен-көлдер бақылауға алынды.

Көктемгі тасқынға қарсы шаралар аясында Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймалары әуеден бақыланды. Соңғы жылдары арнасы толмай ортайған үшеуінің де еріген қар суы қанша келсе де, қабылдауға қауқары мол. Дегенмен, тек ақпанда түскен жауын-шашынның мөлшері тым көп. Нәтижесінде далалық алқаптардың кей жерлерінде қардың қалыңдығы 50 см-ден асады. Ал, су басуы мүмкін аумақтар өңірге қарасты аудандардың көбінде бар. Нәтижесінде ондаған ауылға қауіп төнген.

Марғұлан Аманбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Ақтөбе облысы бойынша 30 елді мекенді су алу қаупі бар. Оның ішінде 1500 үй, 11 мың адам қалуы мүмкін. Сондықтан да барлық аудандарда жұмыстар атқарылуда. Азаматтық қорғаныс саласында мыңнан астам адам осы төтенше жағдайдың алдын алуға және жоюға жұмыс атқарады. 500-ден аса техника жұмыс атқарады.

Қала ішінде де бірнеше шағын аудан су басуы мүмкін аумақта жатыр. Қыс түскелі облыс орталығынан 200 мың текше метр қар шығарылса да, Ақтөбенің кейбір көшелерінде үйілген ақ ұлпа адам бойымен бірдей. Ал, шеткері орналасқан елді мекендерде тазартып жатқан арнайы техника көп көрінбейді. Дегенмен, жауапты мекеме өкілдері бұл іске барынша көңіл бөліп, мердігер компаниялар екі ауысымда жұмыс істеп жатқандарын айтады.

Руслан Есмұханов, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ бөлімінің маманы:

- Қала аумағының ішінде 100-ден астам техника жұмыс жасап жатыр. Бірінші кезекте суға кету қаупі бар Москва, ГМЗ аудандарында қар шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. 13 бригада жұмыс істеп жатыр қазіргі таңда. Қала сыртындағы елді мекендердің бәрін бір қалыпқа келтіреміз. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бір тазартқан жерді екініші мәрте өтуге сол себепті техникалар үлгермей жатыр.

Бүгінде төтенше жағдай қызметі мен ішкі істер департаменті, әскери және жергілікті атқарушы органдар көкетемгі су тасқынына қарсы дайындықтарын тексеріп, пысықтап жатыр. Ондаған тонна инертті материалдар мен жанар-жағармай және өзге қажетті құралдар қоры жасақталған. Су басу қаупі төнген аумақтардан 10 мыңнан астам адамды уақытша орналастыратын орын да дайын екен.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев