Еліміздің төрт өңірінде алдағы жылдары ерекше алма бақтары ашылады

Еліміздің 4 өңірінде алдағы 3 жылда ерекше алма бақтары ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы аумағы 6 мың гектар алқапқа жоғары сұрыпты жеміс егіледі. Бұған қыруар қаражат бөлінген. Ғалымдардың айтуынша, жоба 8 жылда өзін өзі ақтайды. Нәтижесінде дүкендегі Қытай, Польша алмаларын отандық өнім алмастырады.

Шымкент маңындағы 200 гектар жерге жеміс ағашын егуге жеңілдетілген несие беріледі. Әкімдік жасыл белдеу аумағын осы бағытта дамытпақ. Су мәселесін де шешіп береді. Нәтижесі қос тарапқа да тиімді. Қала экологиясы жақсарып, кәсіпкерлік дамиды.

Әбунасыр Жанбатыров, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

- Біз күні кеше келістік. Олар жердің құнарлығы бойынша анализ жасайды. Оларда көшет және оны салып беру технологиясы дайын. Ең басты мәселе су.

Түркістандық бағбандар да осындай жеңілдікке ие. Бұған өңірдің қолайлы климатын қосыңыз. Басты талап – алманың элиталық сұрпын егу. Сонда шығынның жартысына субсидия алады. Аймақта алма бағын жыл сайын 500 гектарға ұлғайту көзделіп отыр.

Әлібек Плалов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Түркістан облысында бүгінгі күні 20 мың гектар жеміс-жидек дақылы болатын болса, оның 16 мың гектары алма бауы. Оның ішінде 3 мыңы қарқынды бау. Былтырғы жылы жеміс-жидектен 131 мың тонна өнім жиналды. Оның 107 мың тоннасы алма. Қазіргі таңда республиканы алмамен қамту 57%-ті құрайды.

Алманың әуелгі Отаны Жетісу жерінде өзгеше бақтар ашылады. Негізгі ерекшелігі – жоғары өнімділігі. Яғни, гектарына 50 мың центнерден өнім береді. Ел бойынша Алматы, Жамбыл, Түркістан облысы мен Шымкентте алдағы 3 жылда 6 мың гектар алма бағы ашылады.

Марина Оразаева, Тұқым шаруашылығы зертханасының меңгерушісі:

- Мұндай бақшаның пайдасы бірден болмайды. Шамамен 8 жылдан кейін кеткен шығын толық өтеледі. 15-20 жылдай жеміс беріп тұрады. Барлығы күтімге байланысты. Интенсивті бақшада гектарына 50 мың центр өнім алынуы керек. Жыл сайынғы көрсеткіш осындай болса, онда бүкіл ел алмамен қамтылады деген сөз.

Қазір ішкі нарыққа қажетті өнімнің басым бөлігі сырттан әкелінеді. Әсіресе, Қытай алмасы сауда сөрелерін жаулаған. 2024 жылы бұл кемшіліктің орны толады. Министрлік 4 аймақта өсірілген алмамен бүкіл елді қамтуды жоспарлап отыр.

Авторы: Рауан Мыңбаев