Павлодар облысында жолға шыққан көліктер қар құрсауында қалды

Павлодар облысында жолға шыққан көліктер қар құрсауында қалды

Павлодар облысында ақ түтек боран соғып тұр.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық бағыттар бойынша жолдар жабылған. Ат құлағы көрінбейтін боранда  жолға шыққан 300-ге тарта көлік иелеріне көмек көрсетіліп жатыр. Құтқарушылар кеше кешқұрым Михайловка - Тереңкөл тас жолында қарға батып қалған 20, Железинка ауылына жақын жерден 18 көлікті шығарып, жолаушыларды жылыту пункттеріне жеткізді. Облыстық Төтенше Жағдайлар Департаменті ең күрделі жағдай Павлодар – Нұр-Сұлтан тас жолында қалыптасқанын айтады. Ақмола облысының шекарасында 2 көлік керуені қар құрсауында қалды. Олардың әрбірінде шамамен 50 көлік бар. Боран салдарынан Қалқаман-Шідерті тас жолының бойында 150-ге тарта жүк көлігі тоқтап тұр. Құтқарушылар қатаңдатылған кестеге сай тәулік бойы жұмыс істейді. Боранға қарамастан жолдар тазартылып, көліктерді қардан аршу жұмыстары үздіксіз жүргізілу үстінде. Қиын жағдайға тап болған адамдарды эвакуациялау шаралары қолға алынған. Аймақта дауылды ескерту жарияланды.