Өз мамандығының шыңына шыққан аяулы жандар Президенттен құттықтау хат алды

Кәсіби білікті мамандардың қатарында қыз-келіншектер де көп.

Мәселен, білім беру және медицина саласында арулардың саны басым. Осындай аяулы жандарды Мемлекет басшысы құттықтады.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында медицина ғылымдарының докторы Махаббат Бекбосыноваға Мемлекет басшысының өзі хат жолдап, денсаулық пен табыс тіледі. Әріптестері мен емделушілерден де жаппай құттықтау қабылдап жатқан маманның телефонына дамыл жоқ. Ал кабинет іші толған гүл. Жұмысында басшылық қызметте болғанымен отбасында аяулы ана, сүйікті жар.

Махаббат Бекбосынова, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Екі ұлым және үш немерем бар. Балаларымды мақтан тұтамын. Өкінішке қарай, қызметіме байланысты мен оларды жиі көре бермеймін. Бірақ видеобайланыс арқылы қоңырау шалып, сағынышымды бір басып аламын.

Отандық кардиология қызметінің дамуына елеулі үлес қосқан Махаббат бала кезінен дәрігер болуды армандаған. Алматы медицина институтына түсіп, 3-курстан кейін Мәскеуге ауысады. Сол жақта біліктілігін шыңдап, еңбек жолын бастайды. 2003 жылы елге оралып, кәсіби мансабын осында жалғастырады.

Білім саласындағы нәзік жандардың да еңбегі ерен. Математика және информатика пәнінің мұғалімі Сандуғаш Парманова 15 жыл бойы ұстаздық етіп келеді. Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері. Көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы. Қашықтан оқыту бағдарламасы аясында республикалық арналарда телесабақ жүргізеді.

Сандуғаш Парманова, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері:

– Дәл қазіргі уақытта біз телесабақтар түсіруге үйреніп қалдық. Бастапқы кезде қиындау болатын. Камера алдында сөйлей алмай қиналатынбыз. Қазіргі таңда тележүргізуші ретінде сезініп, солай сабақтарды өтіп жүрміз. Халықаралық әйелдер күнімен өз ұжымымды 66-мектеп-лицейінің директоры Айтжан Ермұханқызын және әйелдер қауымын, ұстаздарды құттықтағым келеді.

Мирлан Алтынбек, Ержан Қанапияұлы, Асхат Қарақойшиев