Торайғыр көлінде сырғанаған павлодарлық спортшы қыз жұртшылықты тәнті етті

Ол қысқы Баянауыл өңірінің әсем табиғатын күллі әлемге танытқысы келеді.

Алина Макуцкая конькиге алғаш рет бес жасында тұрған. Сол сәттен бері, яғни 15 жыл бойы мәнерлеп сырғанаумен айналысып келеді. Өзі – бұл спорт түрі бойынша Қазақстанның қола жүлдегері. Мұз үстіндегі жаттығулар – спортшы өмірінің ажырамас бөлігі.

20 жастағы Алина соңғы рет үш жыл бұрын мұзға шығып, республикалық жарыста бағын сынады. Мәнерлеп сырғанаудан спорт шеберіне үміткер қола жүлдеге ие болды. Қазіргі уақытта спортшы жас буын өкілдеріне сырғанаудың қыр-сырын үйретіп жүр.

Дарынды спортшы карантин кезінде Баянауыл өлкесінің табиғатынан шабыт алып, көпті тәнті еткен осындай бейнеролик түсірді. Алина әуеннің ырғағына сәйкес Торайғыр көлінде сырғанаудың күрделі элементтерін көрсетті.

Алина Макуцкая, мәнерлеп сырғанаушы:

– Баянауылда спорттық жиындар жиі өтеді. Жазда екі апта бойы күніне үш рет жаттықтық. Сондықтан Баянауылды жан-тәніммен сүйемін. Карантин кезінде Торайғырға келіп, аз-кем сырғанап, сағынышымды бастым деуге болады. Көлдің бетін қар басқан. Баянауылдың жазғы және қысқы сұлулығы екі түрлі дүние, әрине.

Алина пандемия салдарынан жарты жыл бойы сырғанаудан қол үзіп қалған. Мұз айдындары жабық болғанда арнайы жаттығу ғана жасауға мүмкіндік болыпты. Енді дайындығын қайта жандандырды.

Алина Макуцкая, мәнерлеп сырғанаушы:

– Арманым бар. Болашақта мұз үстіндегі цирк әртісі болғым келеді. Мұратыма жету үшін тынымсыз еңбектеніп жатырмын. Шеберлігімді жетілдіріп, жаттығып жатырмын. Танымал спортшылардан тәлім алғым келеді. Өткен жылы жоспарларым көп болған. Әлемдегі эпидахуал салдарынан көбі орындалмады. Бірақ арманыма міндетті түрде жетемін.

Пандемия салдарынан Баянауыл өңірінің туризмі тұралап қалғаны белгілі. Әдетте  тынығушылардан көз ашпайтын өлкенің табиғаты жаңарып, жаңа кейіпке енгендей. Ал Алина сияқты жастарға киелі Баян жері шабыт беріп, шығармашылықпен айналысуға түрткі болса керек.

Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков