Ерейментау маңында жолда қалған көлік жүргізушілері ашқұрсақ отыр

Ақмола облысы Ерейментау ауданының аумағында 130-дан астам жүк көлігі жолда қалды. Ақтүтек боранның салдарынан қозғалыс шектелген. Жүргізушілер 2 тәуліктен бері ашқұрсақ екенін айтып, арнамызға хабарласты. Төтенше жағдайлар қызметі жол тазалап, құтқару жұмыстарын жалғастырып жатқанын айтады.

Бұл Ерейментау ауданы маңында жолда қалған жүргізушілердің жанайқайы. Жүздеген жүк көлігі қаңтарылып тұр. Ақтүтек боран басылар емес. Жүргізушілердің жанар-жағармайы таусылып, ас-суы сарқылған көрінеді. Көмек әлі жетпеген.

- Ни воды, ни еды, все вот люди стоят. У многих бензин кончился. Двое суток уже.

Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шидерті - республикалық маңыздағы жол. Күтіміне «ҚазАвтоЖол» компаниясы жауапты. Дабыл қоңырауы ең алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаментіне түскен. Ондағылар көмекке асыққанымен жолда қалың қар жатыр. Техниканың жетуі екіталай.

Нұрлан Атығаев, Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

- Кешеден бері оларға жете алмай жатыр ҚазАвтоЖол. Енді бүгін сағат 3-те ашамыз деген. Әлі жеткен емес. 1-2 сағатта тазалаймыз деді бастығы. Әкіммен сөйлесті. Өзім барамын деді. Шақырамын деді. Ерейментауға. Кафе, асхана, жатақхана. Бірақ олар барғысы келмей, орында тұр.  

Жүргізушілердің айтуынша, жолда қалғандарына 2 тәуліктен асқан. Ашқұрсақ көмек күтуден басқа амалдары жоқ. Әкімдік қарды күреп үлгірмей жатыр. 

- Автодорога Нур-Султан-Ерейментау-Шидерти. Км 159-200. Очистка снега на базе автомшины Урал. 

Табиғаттың тосын мінезіне ешкім дайын болмаған. Жүргізушілер жолға шығарда күн райы қолайлы болғанын айтады. ҚазАвтоЖолдың мәліметі бойынша Нұр-Сұлтан-Павлодар тас жолының 159 және 200-шақырымы аралығында боран қатты соғып тұр. Төтеншеліктер мен жолға жауапты мамандар қар құрсауында қалғандарды құтқаруға бет алды. 

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Әсем Әкімжанова