Қарағандыдағы нәзік жанды құтқарушы талай жанды аман алып қалған

Қарағанды қаласының құтқару жасағында жұмыс істейтін Надежда Дроздецкая 15 жыл бойы қауіпті салада қалтқысыз қызмет атқарып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ер азаматтардың ұжымына сіңісіп кеткен ол аталған уақыт аралығында талай адамның жанына араша түскен.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Сын сағат, санаулы секунд, таразының бір басында адам өмірі, енді бір басында аузын аждаһандай ашқан ажал деген тажал тұр. Мұндай сәтте адамның ақылы мен әрекеті тең басу керек. Қарапайым дәрігер болып жүріп құтқару қызметіне ауысқан Надежда ажалмен бетпе-бет келген талай жанға араша түсіп, аман алып қалған.

Надежда Дроздецкая, құтқару бөлімшесінің дәрігері:

- Бірде жұмысшылар жер қазып жатқан кезде «КАМАЗ» жүк көлігі артқа шегініп барып, сондағылардың бірінің аяғын басып кетеді. Онда қан суша атқылайды. Қасындағылар оны сүйретіп, бізге алып келіпті. Қарасам, аяғы тізесінен төмен жаншылып қалыпты. Науқас болса қатты шошып, шок деңгейінде қиналып жатты. Өмір мен өлім арпалысында мен дереу алғашқы көмек көрсетіп, науқасты жедел жәрдемге табыстадым. Ол аман қалды. Мұндай жағдайлар көп кездеседі.

Тек Қарағанды қаласының құтқару жасағында 52 адам жұмыс істейді. Олардың басым көбі осында тәуліктеп қалады. Себебі күн сайын суға батқандар мен жолда қалғандар, қала берді не бір тосын жағдайларға тап болғандарға жедел көмек көрсету керек. Надежда Дроздецкая болса еңбек еткен жылдары бөлімшенің ең сыйлы қызметкерлерінің қатарына енген.

Алмаз Қарсыбеков, жедел құтқару жасағының бөлім басшысы:

- Көп жағдайлар болды. Мен істеп жатқаныма 12-13 жыл болды. Надежда Ивановна Дроздецкая біздің ұжымда өте сыйлы адам. Тәжірибесі өте мол. Біз көп жағдайда ол кісіден үйреніп жатамыз.

Облыс бойынша дәл осындай 7 бірдей құтқару жасағы бар. Өткен жылы онда 900-ге жуық шақыру түсіп, 270 адам құтқарылыпты. Оның 77-сі кәмілет жасына толмаған балалар. Ал, биылғы үш айдың өзінде 70-адам құтқарылған, оның 23-і бала.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев