Зорлық-зомбылық құрбандарын қалай қорғаймыз?

Елде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға арналған арнайы қызметтік бөлмелер ашылды.

Бастаманы алғашқылардың бірі болып Шымкент қаласының Полиция департаменті қолға алды. Енді жыныстық қылмыс құрбандарымен әйел тергеушілер айналысатын болады.

25 жастағы Аида 5 жыл бұрын зорлықтың құрбанына айнала жаздады. Алматы - Нұр-Сұлтан бағытындағы пойыз купесінің бірінде бейтаныс адам әуелі оны әңгімеге тартқан. Кейін мас жолаушыдан сескенген бойжеткен жолсеріктерден орнын ауыстыруын өтінген. Алайда өтініші жауапсыз қалды.

Аида, қала тұрғыны:

– Ұйықтарда жарықты сөндірмей, есікті әдейі жаппадым. Оянсам, ол есікті іштен бекітіп, үстіме отырып алған екен. Қимылсыз қалғанымды ұғып, көмекке шақыра бастадым. Сонда жағдайдан хабардар болған жолсеріктердің бірі «зорлаған жоқ қой, сонша айқайлап не болды?!», – деп шүйлікті.

Осы оқиғадан кейін жәбірленуші психологиялық соққы алған. Тіпті 3-4 айдың ішінде салмақ қосып, тұйықталып қалғанын айтты. 

Анна Рыль, «Қорғау-Астана» қорының жетекшісі:

– Мұның түрлі салдары болуы мүмкін. Әсіресе, жүректің айнуы, бастың ауруы, жүйкенің тозуы, салмақ жинау сияқты белгілер жиі кездеседі. Бізге жүгінетіндердің көбі құқық қорғау органдарына барып шағымданбайды. Жағдай осылай ушығады. Өйткені біздің қоғам жәбірленушінің өзін айыптауға дағдыланған.

Зәбір көрушіні айыптау әлеуметтік психологияда виктимблейминг деп аталады. Мәселен, 2017 жылы жыныстық зорлық көрген 13 жастағы оқушы қызды мектептер алмай қойған. Ата-анасына хабарласқан мектеп директоры жәбірленушіні «бұзылған» деп, оны оқу орнынан алып кетулерін өтінген. Елде мұндай жағдайлар аз емес. Соның салдарынан арнайы дағдарыс орталықтарына баратындардың қарасы көбейген.

Светлана Жолдасова, әлеуметтік жұмыс бойынша маман:

– Зорлық-зомбылыққа қатысты айтатын болсақ, осы карантин уақытында бізге келушілер 37 пайызға асты. Бірақ өкінішке орай біз карантинде жабылып қалдық, сырттан адамдарды қабылдай алмадық. Бірақ қабылдамағанмен телефон арқылы заңгер мен психологымыз консультация жүргізіп, сол жағынан көмектестік.

Бұл мәселе қоғамда өткір тұр. Осыған байланысты Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде ІІМ-не нақты тапсырмалар жүктеді. Осы бағытта Шымкент қаласындағы Полиция департаментінің Тергеу басқармасында арнайы екі қызметтік бөлме ашылған. Мұнда қылмысқа қатысты оқиғаларды әйел қызметкерлер тергейтін болады.

Айгүл Орынбек, заңгер:

– Жәбірленуші жас қыз өзінің басынан өткен оқиғаны ер азаматқа ашық айтып бере алмайды. Ер азаматтар тарапынан өте дөрекі сұрақтар қойылып жатады. Ол сұрақтарға жасөспірім қыз ешқашан ашық жауап бермейді. Тұйықталып қалады. Одан кейін тергеушілер жындана бастайды. Яғни сен бір нәрсе жасырып отырсың немесе саған заңгерлер үйретіп отыр немесе мамаң үйретіп отыр деген сияқты.

Бастаманы ұсынған құқық қорғаушы қисынсыз айыптаулардың көбеюіне діндегі теріс ағымдардың да ықпалы бар дейді.

Айгүл Орынбек, заңгер:

– Қазір көп азамат әйел адам жабық жүру керек, ашық-шашық киінбеу керек деген сияқты діни көзқарастарына байланысты әйел адамның қоғамдағы рөлін төмендетуге тырысады. Осыған орай провокациялық іс-шаралар жүріп жатады.

Хасан Аманқұлов, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі:

– Әйел кісінің ер азаматпен құқығы бірдей. Ислам дініндегі көзқарас осы. Дінде мынадай бір сөз бар. «Шариғатта шәрім жоқ дейді, шәрім дегені ұят жоқ» дейді. Егер ол жабық қазан жабықтай қалатын болса, ол ортада айтылмайтын болса, ондай бұзықтықтар көбейе береді. 

Елде жыл сайын әйелдерге қатысты 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеледі және бұл санның азая қояр түрі көрінбейді. Бұл орайда Президент «Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау» жөніндегі арнайы бөлімшелер маңызды рөл атқаратынын айтты. Аталған бөлімшелер полиция мен азаматтық қоғамның арасында дәнекер болуы керек.

Сондай-ақ...