Павлодар облысында итбегілердің жарысы өтті

Итбегілер Ертіс өңірінде. Бүгін Павлодар облысында «Ақпан бұрқасыны» деген атаумен жарыс өтті.

Давид Ряшин – кәсіби итбегі. Ертіс өңірінде өтетін республикалық жарысқа жыл сайын қатысады. Игі дәстүр биыл да жалғасын тапты. Осы жолы алты бірдей төрт аяқтысын жаттықтырып, бағын сынады. Оның иттері бір сағатта 25 шақырымды еңсере алады.

Давид Ряшин, жарыс қатысушысы:

– Спорттық көрсеткшітерімізді жақсартуымыз керек. Бұл ауа температурасы жарыс өтетін жерге тікелей байланысты. Мәселен, бүгін күн жылы. Хаскилер ауа температурасы - 20 градус болғанда шапшаң келеді. Бүгінгі ауа райы олар үшін тым ыстық. Бірақ иттерім төзімді. Бір жаттығуда 30 шақырымға дейін жүгіреміз.

Спорттық шараға әдетте жегілетін иттер ғана қатысады. Мәселен, хаски маламут тұқымы бар. Сондай-ақ питбульдер де қожайындарымен бірге бақ сынап жатыр. Мәселен, Зара және Кора есімді питбульдер үшін бұл – дебюттік шара. Екі жасар иттер қожайыны Анель Моторинамен бірге екі шақырымды жүгіріп өтті.

Анель Моторина, қатысушы /Семей/

– Екі итіммен жарысқа қатысуды ұйғардым. Өзім үйретіп, спортқа машықтандырдым. Тыңғылықты жаттықтық, әрине. Питбульдер жетілетін иттерге жата қоймайды әрине. Бірақ бақ сынағымыз келді. Жуырда екі жасқа толады. Өзге өңірлердегі жарыстарға да барғымыз келеді. Жарысқа келгендер мықты екен. Шанамен екі шақырымдық жолды еңсереміз.

Итбегілер екі қашықтық бойынша жарысады. Яғни ересек қатысушылар төрт, ал жас қатысушылар екі шақырымдық жолды еңсерулері шарт. Айта кетейік, бұл – халықаралық стандарт. Байрақты бәсекеде хаски иттерінің бірнеше тұқымы бақтарын сынады. Бәсекеде бірнеше жарыс түрі қарастырылған.

Валентина Госс, жарыс төрешісі:

– Жегілетін ит спортында бірнеше жарыс түрі бар. Бұл «скиджоринг», ит мен шаңғышы шеберлік байқасады. Екіншісі екі, төрт және алты ит жегілген шанамен уақытқа жүгіру. Сонымен қатар жазғы уақытта «коникрос» қарастырылған. Яғни ит пен адам жүгірісі. Жарысты ең басты шарты – жылдамдық.

Айта кетейік, бұл жарыс Павлодар облысында 10 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Өңірде итбегілер федерациясының филиалы жұмыс істейді. Қоғамдық ұйым өкілдері осы жылдың мамыр айында «Драйлэнд» атты халықаралық деңгейдегі шараны ұйымдастырмақ. Оған әлем елдерінің ит өсірушілері келеді деп жоспарланған. Әзірге ресейлік спортшылар келуге ниет білдірген. Өтініштер қабылданып жатыр.

Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков