Түрмеде дәрігерлікті атқаратын абзал жан пандемия кезіндегі қиындықтар туралы айтты

Бүгінде ер азаматтармен иық тіресе еңбек етіп жүрген әйелдерді әр саладан кездестіреміз. Дәлірек айтсақ, әйел бағындырмаған белес жоқ. Павлодардың қылмыстық атқару жүйесінде қызмет етіп жатқан қыз-келіншектердің саны жүзден асады. 

Гүлнұр Сейітахметова  еңбек жолын туберкулезге шалдыққандар жазасын өтейтін колониядан бастаған. Контингенті ауыр, күрделі ортада жұмыс атқарған ол қызметіне адал болды. Дәрігердің негізгі міндеті  ауырған адамды емдеу. Ал оның атақ-дәрежесі маңызды емес дейді ол.

Гүлнұр Сейітахметова, АП-162/1 мекемесі медицина бөлімінің басшысы:

- Мен алғашында  АП-162/5, яғни туберкулезбен ауырған сотталғандарға арналған мекемеде жұмыс істедім. Кейін ол жабылды. Біз басқа колонияларға ауыстық. Мен осы Павлодар қаласындағы барлық түзету мекемелерінде жұмыс істедім.  

Осыдан 15 жыл бұрын Семей медициналық академиясын бітірген жас маман бүгінде майор шеніне дейін көтерілген. Жабық мекемелерде дәрігерлер көтеретін жүктің салмағы ауыр. Алдына келген әрбір науқастың жеке тағдыры бар.

Күдікті:

- Ақыл-кеңесін аяған емес. Мұның бәрі уақытша қиындық. Жуық арада шығасыңдар деп үміт береді. Осында өмір сүріп жатқандардың барлығы қолдауға зәру. Түрмеде отырудың қаншалықты ауыр екенін біз осы ақ халатты нәзік жандарға ғана айта аламыз. Мен дәрігеріме әйел бақытын тілеймін. 

Суық қабырға, салдырлаған темір есік. Сұрғылт тартқан дәліз. Айнұр Айтқұрманқызы тікелей сот залынан және уақытша ұстау изоляторынан жеткізілгендерді жылы сөзімен демейді. Қазір мұнда сот шешімін күткен 350 адам отыр. Күніне  кем дегенде 50 адам терапевт  қабылдауына жазылады. Әсіресе пандемия кезінде жұмыс қиынға соққан.

Гүлнұр Сейітахметова, АП-162/1 мекемесі медицина бөлімінің басшысы:

- Пандемия  азаматтық секторға ғана емес, пенитенциарлық мекемелерге де ауыр соққы болды. Біз дайын емес едік. Дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдардың тапшылығы сезілді. Соған қарамастан қиындыққа төтеп бердік. Қазір жағдай тұрақты. 

Жазасын өтеушілердің арасында коронавирус инфекциясы мен өкпенің қабынуы белең алған кездер болды. Бірақ дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында адам шығыны тіркелмеді. 

Авторлар: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов

Сондай-ақ...