SOS балалар ауылындағы жеткіншектердің ана орнына ана болған жанға алғысы шексіз

«Жетімін жылатпаған елміз» деп жатамыз. Соған көз жеткізгендей болдық. Әріптестерім елордадағы балалар ауылына барған. Сондағы тәрбиешілерді сөзге тартты. Сосын балалардың өзімен тілдесті. Білесіз бе, мейірімге зәру болған өскін жоқ онда. Ағынан жарылып, ана орнына ана болған абзал жанға алғыстарын жаудырып жатыр.

Жанар Рахымбаеваның бұл орталықта қызмет қылып жатқанына 20 жылдан асқан. Осы уақытқа дейін 10 баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріпті. Қазір 5 баланы тәрбиелеп отыр. Үлкені университетке барады. Кішісі тоғызда.  

Жанар Рахымбаева, SOS-ана:

- Ағаш отырғызсаң да оны баптайсың. Суарасың. Шет-шетіндегі артық бұталарын кесіп тастап жатасың. Сол сияқты баланы да жан-жақты қылып тәрбиелеу керек. Жан-жақты тәрбиелеу деген – бірге отырып сабақ оқу, балабақшаға алып бару, кей кезде қалаға кино көруге алып барамын. Одан кейін балаларымды ата-анамның ауылына алып барып көрсететінмін.

Әлгінде орталық деп қалдық. Анығы балалар ауылы бұл. Жетімдер үйіне ұқсас. Бірақ мұндағы балалар ана мейірімінен кенде қалып жатқан жоқ. Әрбір тәрбиеші бауырына басқан баласын өз перзентіндей көреді. 

- Мына жерде маған ұнайды. Себебі біз отбасы сияқты өмір сүреміз. Әрдайым бірге боламыз. Бір үйде тұрамыз.  

Мұндағы балалар кәдуілгі мектепке барады. Сосын университетке тапсырып, білімдерін жетілдіреді. Үйлі-баранды болып кетіп жатқандары қаншама. Солардың ешбірі ұшқан ұяларын ұмытқан жоқ. 

Жанар Рахымбаева, SOS-ана:

- Негізі балаларымның бәрі жиі келіп тұрады. Хабарласып тұрады. Карантин болғанымен де онлайн байланысқа шығамыз. Мен осы балаларыммен бақыттымын. 

Бұл орталық осыдан 20 жыл бұрын ашылған. Қазір мұнда 200-ден астам бала тәрбиеленіп  жатыр. Бұл күні балалар ауылы елордадан бөлек Алматы және Теміртау қалаларында да бар. Ондағы аналарды балалар өгей деп жатқан жоқ. Тіпті туғанынан да артық көреді. 

Авторлар: Дастан Сейілханұлы, Жандос Сұлтанғазы

Сондай-ақ...