Семейлік еріктілер «Аналар үйіндегі» келіншектерге мерекелік көңіл-күй сыйлады

Семей қаласының сотталған еріктілері көшпелі сән салонын ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаштараздар мен бет әрлеушілер тағдыр тәлкегімен «Аналар үйінде» тұрып жатқан келіншектерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Мақсатымыз – тән сұлулығы арқылы жанға шуақ, жүрекке жылу ұялату», - дейді ұйымдастырушылар.

Анна Писегова – Семей қаласындағы жетімдер үйінің түлегі. Ел қатарлы тұрмысқа шығып, отбасын құрған. Арманы ана болып, әйел бақытын сезіну еді. Алайда жас отаудың берекесі қашып, тұрмыстық кикілжің шаңырақты шайқалтты. Барар жері, баАнасар тауы табылмай, өмірден баз кешкенде «Аналар үйінен» пана тапты. Ал бүгінгі мерекелік сыйлық тіпті ерекше болғанын айтады.

Анна Писегова, «Аналар үйінің» тұрғыны:

- Бізді құттықтады, бетімізді әрлеп, шашымызды жөндеп берді. Сіздерге көп-көп рахмет! Алғысымыз шексіз! Әйел адамға әдемі болған өте жарасады, ол өте маңызды, менің ойымша. Бүкіл әйелдерді 8 наурыз мейрамымен құттықтаймын! Зор денсаулық, мол бақыт, ашық аспан тілеймін!

Алты жылдан бері қоғамдық негізде жұмыс істейтін «Аналар үйінде» тұрмыстық зорлық-зомбылық пен тағдыр тәлкегіне ұшыраған 200-ден астам әйел жанына сая тапқан. Мұнда олардың көңілін күйзелістен арылтып, жаңа өмірге қадам басуға жігер беретін жағдайлар барынша жасалған.

Айнагүл Нұртазина, «Аналар үйінің» үйлестірушісі:

- Әйел қашанда әйел болып қала беру керек! Және әйелдің қырық жаны бар деп айтамыз, сол әйелдерге бәріне сәттілік тілеймін! Ешқашан мұңаймасын, ешқашан жыламасын деп тілеймін! Әйелдің күші негізі сұлулықта дейді ғой, сол сұлу болып қала берсін!

Гүлнар Исмаилова, пробация қызметінің инспекторы:

- Біздің пробация қызметінде 200-ге жуық сотталғандар тұр. Олардың көбі бас бостандықтары шектеу жазасына тартылған. Белгілі бір қызмет түрінен атқаруға тыйым салынған және қоғамдық жұмыстарға тартылған сотталғандар бар. Бұл іс-шараның мақсаты осындағы жас аналардың көңіл-күйін көтеру, мерекені, 8 наурыз мерекесін сезіндіру, жүздеріне күлкі сыйлау.

Еріктілер мұндағы әйелдерді әдемілеуге бар күштерін салды. Тіпті кейбірі киножұлдыздардан кем түспейтіндей кейіпке енді. Бұл сәттің мәнін Мұқағали ақын жыры дәл ашқандай: «Әйелдер ол әдемі ғой, әдемі. Әдемілік бізге көптік етпейді!»

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы