Ертіс өңірінде ерекше фотожоба қолға алынды

Шығармашылық шара жеткіншектерді үй жануарларына қамқор болуды үйретеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мерекеге орай бірнеше фотосессия тегін ұйымдастырылды. Бүгінде бұл жобаға қатысамын деушілердің саны артқан.

Түсірілім алаңының басты кейіпкерлері – хаски тұқымдас иттер. Бүгінде төрт аяқтылармен фотоға түсу кеңінен тараған. Фотожобаның сәні мен мәні ерекше. Суреттер балалар мен ата-аналар үшін естелікке айналумен қатар, жеткіншектерді жануарларға қамқорлықпен қарауға тәрбиелейді. Жобаның мақсаты да сол.

Фотожобаға алғашқылардың бірі болып Гауһар Әмірқұлова қатысты. Бірінші кезекте қыздарын үй жануарларымен таныстыруды көздепті.

Гауһар Әкімқұлова, қала тұрғыны:

– Фотосессия туралы білгенде үш қызымды алып келдім. Өзім бес қыздың анасымын. Олар иттерден қорқады. Бұл қорқыныштан арылу үшін жобаға қатысуды ұйғардық. Көңілімнен шықты. Балаларым мәз болды.

Жоба авторы – павлодарлық фотограф Айгүл Төлегенова. Шығармашылық иесіне қолдау білдіргендердің қатарында аймқатың ит өсірушілері бар. Олар асыл тұқымды достарын қуана-қуана ұсынады.

Эрнес Қирилов, ит өсіруші:

– Иттер де – тіршілік иесі. Оларға адам баласына сияқты қамқорлық, сүйіспеншілік мен жылылық керек. Балаларды бұған тәрбиелеу мақсатында жобаға қатыстық. Төрт аяқты достарымыз далада қалмаса дейміз. Мәселен, хаскилер бостандықты жақсы көреді. Қыдырғанды жақсы көреді. Адамның қамқорлығын сезінсе, нағыз досқа айналады.

Айгүл Төлегенова, фотограф:

– Балалар иттермен қарым-қатынас орнатады. Емін-еркін фотоға түсіп, қысылмайды. Сондықтан жобаға күшіктерді таңдап алдық. Қаланың балалары үй жануарларынан қорқуы да мүмкін. Бұл кедергіні жеңуге көмектесеміз. Жан-жануарларға қамқорлық көрсеткен жеткіншектер есейгенде қатыгез болмайды.

Аймақта үй жануарларды қорғау қозғалысы қарқынды дамыған. Бүгінде балаларды спорт пен жануарларға деген сүйіспеншілікке баулитын шаралар жиі ұйымдастырылады. Жасөспірімдер жегілетін иттермен жаттығып, жарыстарға қатысу мүмкіндігіне де ие.

Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков