Павлодар облысында 150-ден астам адам қар құрсауында қалып қойды

Ертіс өңірінде демалыс күндері болған ақтүтек боран төтенше жағдайлар қызметі мамандарын әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл күндері күш құрылымдарының барлығы күшейтілген режимде жұмыс істеді. Еліміздің батысында да қолайсыз күн райы салдарынан жолда қалған көліктер құтқарылды.

Павлодар облысында боранды күндері жолдардың жабық болғанына қарамастан, сапарға шыққан азаматтар аз болмады. Салдарынан 150-ден астам адам қар құрсауында қалып қойды. Олардың 30-ға жуығы – бала. Жеңіл көліктер мен жүк машиналары жолдарда сағаттап тұрып қалды. Зардап шеккендер жоқ.

Айдын Қажыбеков, облыстық ТЖД бөлім бастығы:

– Жолда тұрып қалған 103 адам эвакуацияланды. Олардың 11-і бала болып шықты. Жол қызметкерлері қарға батып қалған 76 техниканы шығарып берді. Олардың 65-і жүк көлігі болса, қалғаны – жеңіл машиналар. Облыс аумағындағы үш жылыту бекеттеріне 29 адам орналастырылды. Арасында жеті бала болды.

Ал Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы аумағында бес бірдей жүк көлігі жолдан шығып кеткен. Самара-Шымкент тас жолымен Ақтөбеге қарай бара жатқан көліктердің бірі бұзылып тоқтапты. Қалған көліктердің жүргізушілері рөлге ие бола алмай қалған. Құтқарушылар қиындыққа тап болғандарға көмек берді. Кей жүргізушілер эвакуциялаудан бас тартқан.

Бақытжан Ихсанов, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

– Және 8 наурыз күні Деркөл-Белес ауылдық жолында Кордон кентінің шамасында БҚО ТЖД қызметкерлерінің күшімен жеке құрам 2 қызметкері 3 бірлік техникамен қар құрсауынан үш жеңіл көлік тазартылған жолға шығарылып, 13 адам, оның ішінде 3 бала құтқарылды.

Өткен үш тәулік ақтөбелік құтқарушылар үшін де оңайға соқпады. Күн райының қолайсыздығына байланысты жарияланған ескертуді елемей жолға шыққан 18 адам құтқарылып, жақын маңдағы ауылдарға жеткізілді. Олардың арасында балалар да бар. Тек халықаралық мереке күні Қобда ауданының орталығына жете алмай, тұрғып қалған 3 көлік қар құрсауынан шығарылды. Ақтүтек боран мен көктайғақ Ақтөбе-Орынбор және Ақтөбе-Мәртөк бағытындағы жолдарда да қозғалысты қиындатқан.

Марғұлан Аманбаев, облыстық ТЖД бастығы:

– 18 адамның үшеуі бала және де қауіпсіз жерге 33 адам 4 бала құтқарылды. Оларды кемпинг және басқа да елді мекендерге жеткізіп отырдық. Үсік шалған, ауырған және де басқа да жағдайлар орын алған жоқ. Көктайғақ. соған байланысты жолдар жабылады әлі де болса. Және де осы бейсенбіге дейін әлі де бұрқасын күтілуде.

Төтеншеліктер тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты жарияланған ескертулерге құлақ асып, алыс жолға шыққанда қаперге алуға шақырады.

Ғазиза Мұхамеджанова