Алматыда санитарлық патруль жұмысын бастады

Бүгіннен бастап Алматының ірі сауда орталықтарында санитарлық патруль қызметі енгізілді. Бұл қаулыға өткен аптаның соңында қаланың Бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қол қойған еді.

Қоғамдық орындағы тазалық пен санитарлық талаптарды қадағалайтын адам тұрғындарға маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтау керектігін ескертеді. Санитарлық патруль деген аты болғанымен олар әкімшілік жазаға тартып, айыппұл сала алмайды. Дегенмен, психологиялық жағынан жақсы әсер ететін көрінеді. Жасақ міндетін сауда орталығында жұмыс істейтін мамандар атқарады. Жалпы санитарлық патруль қаладағы 27 ірі сауда орны мен ойын-сауық орталығында құрылған.  

Бауыржан Сералин, сауда орталығының атқарушы директоры:

- Көп жағдайда біздің қауіпсіздік қызметкерлері келіп, «маскаңызды киіңіз», «дұрыс тағыңыз», «арақашықтықты сақтаңыз» дегенде оған реакция әртүрлі болады. Ал санитарлық патруль осындай киімімен, медициналық қызметкерге ұқсап тұрып келіп айтқан кезде бұған мүлдем басқаша жауап, реакцияны көріп отырмыз. Соның нәтижесінде өзіміздің ішкі статистикамыз бойынша бізде санитарлық талаптарды бұзу, масканы дұрыс кимеу, арақашықтықты бұзу біршама азайып отыр.