Бадам өзенінің кейбір бөлігінде судың түсі өзгерген

Шымкенттегі Бадам өзенінде жаппай балық қырылып жатыр. Осылай деп дабыл қаққан қала тұрғындары полиция мен тиісті мекемелерге хабарласқан еді. Қазір бұл мәселе еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бақылауында.

Ведомствоның мәліметінше, зерттеу жүргізу үшін су мен балықтан сынама алыныпты. Мамандар өзеннің кейбір учаскесінде судың түсі өзгергенін айтады.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Мамандардың айтуынша, Бадам өзенінде қырылып қалғандардың дені маринка балығының өлекселері көрінеді. Қазір өзен суы мен балық арнайы зертханаға жіберілді. Сараптама қорытындысы алдағы күндері белгілі болады.

8 наурызда әлеуметтік желіге тарап кеткен өлі балықтың видеосы көпшілікті алаңдатты. Сол күні Бадам өзені бойына барған Түркістан облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің мамандары, қалалық экология департаментінің қызметкерлері мен табиғатты қорғау сақшылары мен ветеринарлар су мен балықтан сынама алды.   

Серік Сарбасов, қалалық экология департаментінің бөлім басшысы:

- Сынама алынды Бадам өзенінің жоғары жағынан. Сайрам өзенінен сброс алынды. Балық өлекселері жатқан төменгі жағынан сынамалар алдық. Су сынамасы алынып, зертханаға тапсырылды. Осы аптаның аяғына дейін анализдері дайын болады. Алдын ала болжам ол жерде Сайрам су лайланып ағып жатыр, ол таза емес. Оттегін биологиялық тұтыну, соның төмендеуі салдарынан да орын алуы мүмкін.

Өзеннің кейбір учаскесінде судың түсі өзгерген. Мұндай құбылыс балықтардың тіршілік әрекетіне де әсер етеді. Алдын ала қорытындыға сәйкес, маринка балығының жаппай қырылуына жаңбыр және тасқын сулардың әсерінен судың сапасы мен температурасының өзгеруі себеп болған. Қазірдің өзінде 20 кг маринка балығының өлексесі жиналды. Өлі балықтарды жинау бойынша жұмыстар жалғасады. 

Мылтықбай Қалыбаев, қалалық ветеринарлық қызметтің мал дәрігері:

- «Бадам өзенінің жағасында балық қырылып жатыр» деген соң келіп, балықты сынамаға алып жатырмын. Мұны лабораторияға жібереміз. Онда осының диагнозын шығарып, оның неден өліп жатқанын, уланып өліп жатыр ма, барлығын зертхана шығарып береді. Балықтың бұлай қырылып жатқанын мен бірінші рет көріп отырмын. Мұның болып жатқанының барлығы біреу қоқысқа улы зат тастаса да болады, мына зауыттан шыққан қалдықты төксе де болады.

Бадам өзені Түркістан облысының Төле би, Сайрам, Ордабасы аудандарының және Шымкент қаласының аумағы арқылы ағып өтеді. Өзеннің ұзындығы 141 шақырым. Айта кетейік, бұл су қоймасының бойында балық шаруашылығы жоқ.

Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Сондай-ақ...