Алматыдағы Кемертоған ауылының халқы электр жарығының азабын тартып келеді

Алматы облысындағы Кемертоған ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері электр жарығының азабын тартып келеді. Оған екі мердігер компанияның арасындағы дау-дамай себеп. Соңғы рет Алматының іргесіндегі елді мекенде 50-ден аса отбасы тоғыз күн бойы жарықсыз отырды. Шыдамы таусылған жұрт Қарасай аудандық прокуратурасына арыз түсірген.

Кемертоған ауылындағы 50-ден астам үйге электр сымдары мен суды «Бексу» атты жеке кәсіпкер жүргізген. Тұрғындар осы жұмыс үшін әр отбасыдан 420 мың теңгеге дейін жинап беріпті. Желілерді тартуды бастаған кездегі адамдардың қуанышы ұзаққа созылмады. Олар ай сайынғы ақыны кешіктірмей төлеп тұрса да мұндағы электр қуаты жиі өшіп қалады.

Ринат Керімқұлов, Кемертоған ауылының тұрғыны:

- Қыстың көзі қырауда мына үйдің бәрі насоспен жұмыс істейді. Жылу өшті, перзентханадан шығарып алып келген балалар тастай үйде отырды. Дәлел ретінде айта аламын бәрін. Тастай үйде отырғызып, қыстың көзі қырауда светті өшіріп тастады. Тоңазытқыш күйген, телевизор күйгендер бар. Бір трансформатордан алады да 60-70 үйге таратып қойған. Тоқтың күші 160-170 ғана тартып тұр.

Нұржан Қызтаев, Кемертоған ауылының тұрғыны:

- Бұл жерде 2019, 2018 жылдан бері тұрып жатқан адамдар бар. Ол кісілер жылына киловаттына 200 мыңдай беріп тастаған. Енді біз «Көкдала сервиске» кіретін болсақ, ол ақша өтпеген дейді. Сен мына қолданған ақшаңды тағы да төлейсің дейді. Жаңа есептетін құрал қоямын, онымен әрі қарай төлейсің дейді.

Іргелі ауылдық округы әкімдігінің мәліметінше, Кемертоғандағы 50 үй электр қуатының ақысын сол «Бексу» атты жеке кәсіпкерге төлеп келген. Ал жеке кәсіпкер өзінің пайдасын ұстап қалып, қалған ақшаны тасымалдаушы компанияға аударуы тиіс болатын. Бірақ бұл ақша «Көкдала-сервистің» шотына түспеген. Соның кесірінен жұрт жарықсыз қалған. Дегенмен, ауыл әкімі электр қуатын беруші мекемемен келісім жасап, мәселе шешілгенше жарықты өшірмеуге уәде берді.

Абылай Ысқақов, Іргелі ауылдық округінің әкімі:

- «Көкдала-сервистің» директорымен қазір мен сөйлесіп жатырмын. Бәрін жалпы өшірмей жеке-жеке әр үймен сөйлесіп, әр үйдің иесімен сөйлесіп, қандай жағдай болды, қандай келісім-шарт болды, қағазы бар ма, жоқ па, соның бәрін анықтау керек. «Өшіруге болмайды» деп ескертіп, ол кісіге жарығын қосқанбыз.

Кемертоған ауылының 50 түтіні жиі өшіп қалатын жарықтың әр киловаттына 25 теңгеден төлеп келген. Бұған қоса қызмет көрсеткені үшін деп тағы 800 теңгеден қосып береді екен. Қаражаттарының тиісті жерге жетпегенін, жауапты мердігердің жоғалып кеткенін білген тұрғындар аудандық прокуратураға арыз жазды.

Авторлар: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев