Солтүстікқазақстандық жауынгердің сүйегі Молдавиядан табылды

Молдавияда екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан солтүстікқазақстандық жауынгердің сүйегі табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның кім екені газетке оралған «Ерлігі үшін» медалі арқылы анықталған. Бауырластар зиратына жерленген бұл жауынгер – қазақстандық сержант Иван Чередник. Архивтегі құжаттарға қарағанда, ол Троицкое ауылында туып өскен. Майдангер 1944 жылдың тамызында жаудың 15 сарбазын ажал құштырып, өзі де қаза тапқан. Осы ерлігі үшін оған Ұлы Отан соғысының ордені берілген. Молдавиялық іздеушілер бұл туралы Павлодардағы «Майдан жолы» отрядына хабарласып, оның туыстарын Петропавлдан тапты. Қазір жауынгердің сүйегін туған жеріне әкеліп жерлеу мәселесі қарастырылып жатыр.

Владимир Чередник, қаза болған жауынгердің немересі:

– Әскери киіміне оратылған газеттен үздік пулеметші белгісімен бірге «Сталинград үшін» және «Ерлігі үшін» медальдары табылды. Жеке нөмірі арқылы атамыз екенін білдік. Тауып алған адамдарға алғыс айтамыз. Бұл – біз үшін баға жетпес естелік.