Құрылыс нарығында материал қымбаттаған

Металл бұйымдарының бағасы 50-60 процентке дейін өсті.

Цемент бағасы бір айда 13 процентке көтеріліпті. Бұл үй бағасының қымбаттауына әкелді. Депутат Жамбыл Ахметбеков Үкіметке сауал жолдап, құрылыс материалдары нарығында бағаны реттеу қажеттігін айтты. Сондай-ақ салада қазір маман тапшы. Жалақы да мардымсыз. Құрылысшылардың әлеуметтік кепілдіктері мен еңбек құқығы да сақталмайды. Депутаттың айтуынша, құрылыс саласында 200 мыңнан астам маман жетіспейді. Үкімет кадр проблемасын шешу үшін шетелдік жұмысшылардың елде болу мерзімін жоба аяқталғанша созуы керек. Сондай-ақ колледж студенттерінің өндірістік практикадан өтуі мен дуалды білім беру жүйесін жетілдіру қажет.

Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

–Құрылыс нарығында құрылыс материалдарының жаппай қымбаттауы байқалып отыр. Құрылыс материалдары бағасының өсуі тұрғын үйдің қымбаттауына әкеп соқты. Сәйкесінше, бұл мемлекеттік бюджет есебінен салынатын мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік объектілер құрылыстарының да қымбаттауына әкелді. Мысалы, арматураның бағасы қысқа уақыт ішінде 40%-55% өсті, 2020 жылдың қыркүйегінде бір тонна арматураның бағасы 190 000 мың теңге болса, бүгінгі таңда оның бағасы 290000-325000 мың теңге аралығында.