Қостанай облысында карантин талаптары жеңілдетілді

Енді ойын-сауық орталықтары, базарлар мен моншалар апта бойы жұмыс істейді.

Ал 13 наурыздан бастап көрермендерге спорт жарыстарын тамашалауға рұқсат. Бірақ залдағы орын саны 20 проценттен аспауға тиіс. Қаулыға енгізілген өзгерістердің мектептерге де қатысы бар. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, бастауыш сыныптың оқушылары сабаққа бар бастады. Ал мектеп бітіруші сыныптар үшін пәндердің 70 проценті штатты режимде өтеді. Бірқатар шектеу алынғанымен мониторингтік топтың жұмысы жалғаса бермек. Олардың міндеті – адамдар жаппай бас қосатын орындарды анықтау.

Ермұханбет Дәулетбаев, облыстың бас санитар дәрігері:

– Облыста коронавирус инфекциясының таралу деңгейі төмендеп, біз 7 наурыздан бастап «жасыл аймаққа» ендік. Егер халық шектеу талаптарын бұзбай, маскалық режимді сақтап, әлеуметтік арақашықтықты ұстанса, осы «аймақта» қала береміз. Сәйкесінше босаңсу шаралары біртіндеп жалғасын табады.