Шетпедегі 4 карьердің жұмысы тоқтады

Маңғыстау өңіріндегі бұл ауылдың іргесінде қиыршық тас шығаратын 28 өндіріс ошағы бар.

Олардан ұшқан шаң-тозаңға көміліп отырған халықтың жайын бұған дейін де көрсеткен едік. Енді тұрғындардың арызы өкілетті органға жетті. Сөйтіп аймақтың экология департаменті 13 кәсіпорында жоспардан тыс тексеріс бастады. Инспекторлар 9 карьерде болып, заңбұзушылықтарды анықтаған. Нәтижесінде 18 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Шетпеліктердің карьерлерден шыққан шаңды жұтып жүргеніне биыл 17 жылға жуықтады. 18 мыңдай адам тұратын елді мекеннің айналасы толған өндіріс ошағы. Таулы аймақтан кәсіп тапқан азаматтар тасты жарып уатып, сатады. Үнемі лас ауамен тыныстаудан жергілікті тұрғындар түрлі ауруға шалдығуда.

Серік Тәшекенов, ауыл тұрғыны:

– Жарылыс дүмпуі деген болады бізде, есік-тереземіз қозғалып жатады. Жерасты суларының, бұлақтардың көздері қазір жабылып жатыр. 28 карьер деп отыр ғой, қазір соның 13 карьері істеп тұр. Біреуі оңтүстіктен, жартысы солтүстігімізде орналасқан. Жел қай жақтан болса да көмеді. Халықтың үштен бірі ауру. Аллергия, демікпе болып жатыр.

Құзырлы орган қызметкерлері жуырда жүргізген тексерулер бұл жолы да шаңның шамадан тыс мөлшерде шығып жатқанын көрсеткен. Бұл өз кезегінде экологиялық құжаттарды қайтарып алу, яғни қоршаған ортаға залал келтіруші карьерлердің жұмысын тоқтату үшін сотқа шағым түсіруге негіз болды.

Айдос Жүсіпов, экология департаментінің инспекторы:

– Төрт өндіріс ошағының жұмысы сот шешімімен тоқтады. Кейбір карьерлер біз барғанда жабық тұрды. Сол себепті тексеру жүргізе алмадық. Жалпы бұл кәсіпорындардың барлығы бірдей тас уату техникасын қолданады. Бұл құралдарда суды бүркіп шашу тетігі болғаны аса маңызды. Өз кезегінде ауаға таралатын шаңның 80 процентін басуға болады. Мұндай мүмкіндікке ие өндіріс орындары бізге фотодәлел келтіріп, кепілді хат жіберуі керек.  

Ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан өзекті мәселе аймақ әкімдігі мен сала министрлігі бірлесе әзірлеген жол картасында көрсетілген. Бұл туралы ауыл тұрғындары да хабардар. Осы күнге дейін өз тиімділігін көрсетпеген заң талаптарына түзетулер енгізілсе екен дейді шетпеліктер. 

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Сондай-ақ...