Алматыда өткен тәулікте 160 адам коронавирус жұқтырған

Алматы қаласы «қызыл аймаққа» енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен тәулікте мегаполисте 160 адам коронавирус жұқтырған. Алматы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, аурудың белсенді таралуына күннің жылынуы мен тұрғындардың аралас-құралас жүруі себеп. Мәселен, инфекция анықталғандардың 22 проценті сауда орындарында, 18 проценті қоғамдық көлікте ауру жұқтырған. Сондай-ақ мектептерде сабақ басталғалы 14 жасқа дейінгі балалардың аурушаңдығы 22,4 процентке артып, соңғы жеті күнде ауру жұқтырған оқушы саны 138-ден 169-ға өскен. Сонымен қатар коронавирустың жеңіл және симптомсыз түрімен ауырып жүрген азаматтардың оқшауланбауы аурудың өршуіне әкелген.

Әсел Қалықова, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Шет елдерден ПТР анықтамасынсыз келген отандастарымыздың саны күн сайын артуда. Әсіресе, 6 наурыз бен 8 наурыз аралығында елімізге тиісті тест нәтижесі жоқ 700 адам келді. Өткен тәулікте ПТР анықтамасы жоқ 56 жолаушы тіркелді.