Әлеуметтік кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі

Елдегі әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысып жүргендерге жүйелі қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңызды құжатты осы айдың соңында Сенат қарайды. Мұны Мәулен Әшімбаев айтты. Сенат спикері депуттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысып жатқандарға салықтық жеңілдік жасауды, қаржылай қолдау көрсетуді, жұмыс істейтін ғимарат тауып беруді көздейтінін айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Бұл жоба депуттардың бастамасымен әзірленді. Маңызды құжат әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдаудың нақты тетіктерін қалыптастырады. Депутаттар әлеуметтік кәсіпкерлерге салық жеңілдіктерін қарастыруды, оларға грант түрінде қаржылай қолдау көрсетуді, несиеге және мүлікті жалға алуға субсидиялар беруді ұсынып отыр. Заң жобасы еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлікке жүйелі қолдау көрсетуді көздейді.

Эмин Әскеров, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Әлеуметтік кәсіпкерлік деген заңды термин жоқ. Ең негізгі проблема осы. Сосын бізге банктерден несие алу қиын. Пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары. Одан кейін ғимарат табу мүмкін болмай жатады. Салада қордаланып қалған осындай мәселелерді шешу үшін арнайы заң жобасы әзірленген. Бұл бізді қуантып отыр.